ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ XIX ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАНДА МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕРДІҢ XIX ОБЛЫСТЫҚ СПАРТАКИАДАСЫ БАСТАЛДЫ

Өскемен қаласында қалалар мен аудандардың, облыстық басқармалар мен аумақтық департаменттердің мемлекеттік қызметшілері арасында XIX облыстық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Спорттық додаға өңірдің түкпір-түкпірінен 1,5 мыңнан астам мемлекеттік қызметші қатысуда.

Биылғы жарыста ұлттық спорт түрлеріне ерекше басымдық берілген. Қатысушылар волейбол, жүзу және үстел теннисімен қатар, тоғызқұмалақ, садақ ату, арқан тартыс және қазақ күресі бойынша бақ сынайды. Шараның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов мемлекеттік қызметшілердің жан-жақты дамуы мен салауатты өмір салтын ұстануының маңыздылығын атап өтті. «Бізге мемлекеттік және салалық даму бағдарламаларын тиімді жүзеге асыратын, рухани бай әрі спортқа жақын мамандар қажет», — деді ол.

Айта кетейік, аталған спартакиада іріктеу кезеңі болып табылады. Оның қорытындысы бойынша ағымдағы жылдың шілде айында Маңғыстау облысында өтетін республикалық спартакиадада Шығыс Қазақстанның намысын қорғайтын облыс құрамасы жасақталады. Барлық қатысушыларға сәттілік пен жарқын жеңістер тілейміз!