
2026 жылғы 10–12 сәуір аралығында Қызылорда қаласында грек-рим күресінен Кеңес Одағының Батыры Тайымбет Көмекбаевты еске алуға арналған беделді халықаралық турнир жалауын тікті. Боз кілемдегі тартысты бәсекеге Қазақстанның үздік спортшыларымен қатар Ресей, Қытай, Қырғызстан, Үндістан, Түркия, Өзбекстан және Түрікменстаннан келген балуандар қатысты.
Байрақты бәсекеде Шығыс Қазақстан облысының намысын қорғаған спортшылар жоғары дайындықтарын көрсетіп, олжалы оралды. Атап айтқанда, 72 кг дейінгі салмақ дәрежесінде Мерей Бекенов шеберлік танытып, турнирдің күміс жүлдесін иеленді. Сондай-ақ, 55 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ерасыл Мамырбеков қола медальға қол жеткізіп, үздік үштікті түйіндеді. Спортшыларымызды осынау жарқын жеңістерімен және олардың жаттықтырушылары Мереке Еркешұлы мен Мәди Бейсенұлы Жарболовты табысты нәтижелерімен құттықтаймыз!