Шығыс Қазақстанның үстел теннисіндегі жетістіктері талқыланды: «Казцинк» ЖШС өкілдерімен кездесу өтті

Шығыс Қазақстанның үстел теннисіндегі жетістіктері талқыланды: «Казцинк» ЖШС өкілдерімен кездесу өтті

Бүгін теннисі орталығында ШҚО Дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты үстел теннисінен жаттықтырушылар құрамы мен спортшылардың «Казцинк» ЖШС әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Павлович Лазаревпен кездесуі өтті.

Жиын барысында Шығыс Қазақстанның үстел теннисі үшін айтулы кезеңге айналған өткен жылдың қорытындылары сараланды. Тарихында алғаш рет облыс құрамасы ел чемпионатының алтын тұғырынан көрініп, чемпион атанды. Сондай-ақ жастар арасындағы біріншілікте жоғары нәтижелер тіркеліп, жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында командамыз сенімді түрде жеңіске жетті.

Ерекше мақтанышпен атап өтерлік жетістіктер қатарында ҚР Президенті кубогындағы екі алтын медальді және 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы «TOP 12» турнирінің жеңімпазы Әліби Шомановтың табысын айтуға болады. Сонымен қатар Азаматұлы Нұрдәулеттің халықаралық WTT турнирлеріндегі жетістіктері мен жерлестеріміздің Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енуі өңірдегі теннис мектебінің деңгейін көрсетеді.

Дамудың маңызды кезеңі ретінде әлем чемпионы Вернер Шлагер мен әлемнің экс-бірінші ракеткасы Владимир Самсоновтың қатысуымен өткен оқу-жаттығу жиындарын атап өтуге болады. Бұдан бөлек, материалдық-техникалық база айтарлықтай жаңартылды.