Шығыс Қазақстан облысында жеңіл атлетикадан ашық чемпионат басталды

Шығыс Қазақстан облысында жеңіл атлетикадан ашық чемпионат басталды

2026 жылдың 2-3 сәуір аралығында Өскемен қаласындағы ШҚО жеңіл атлетикадан мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер мектебінің манежінде (Қ. Сәтпаев даңғылы, 82/2) жеңіл атлетикадан облыстың ашық чемпионаты өтуде. Дүбірлі додаға облыстың жалпы білім беретін және спорт мектептерінен, сондай-ақ колледждерден 300-ге жуық спортшы қатысуда.

Жарыс бағдарламасында жүгіру, секіру, лақтыру, спорттық жүріс және эстафеталық сайыстар қамтылған. Салтанатты ашылу рәсімі 2 сәуір күні сағат 11:30-да спорт ардагерлері мен құрметті қонақтардың қатысуымен өтті. Биылғы біріншілікте мектеп деңгейіндегі жеңіл атлетиканы дамытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. Осы мақсатта жарысқа дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері шақырылды, бұл талантты балаларды іріктеп, мамандандырылған спорт мектептеріне бағыттауға мүмкіндік береді.

Аталған дода тек спорттық шеберлікті шыңдап қана қоймай, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын қалыптастыру және «Заң мен тәртіп» идеологиясын ілгерілету мақсатын көздейді. Жарыс қорытындысы бойынша ең үздік нәтиже көрсеткен спортшылар 20 сәуір күні Шымкент қаласында өтетін Қазақстан Республикасының чемпионатына жолдама алады.