Шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы: Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Астанада өткен турнирде жоғары нәтиже көрсетті

Шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы: Шығыс Қазақстан облысының спортшылары Астанада өткен турнирде жоғары нәтиже көрсетті

2026 жылғы 26-29 наурыз аралығында Астана қаласында шпагамен семсерлесуден Әлем кубогы өтті. Дүниежүзілік додаға әлемнің 46 елінен 500-ге жуық спортшы қатысты. Ерлер арасындағы жекелей сында Қазақстан құрамасының көшбасшысы, Шығыс Қазақстан облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының «Шығыс Қазақстан облыстық жазғы спорт түрлері бойынша жоғары спорт шеберлігі мектебі» КММ тәрбиеленушісі Руслан Курбанов айрықша шеберлік танытып, Әлем кубогының күміс жүлдегері атанды.

Финалға дейінгі жолда Руслан 6 кездесу өткізіп, Дмитрий Швелидзе (ИНС), португалиялық Филипе және Мигель Фразао, сондай-ақ екі дүркін Олимпиада чемпионы жапондық Кано Коки мен венгриялық Давидь Надьты жеңді. Шешуші айқаста отандасымыз Украина спортшысы Роман Свичкарьға 12:15 есебімен есе жіберіп, екінші орынды иеленді. Айта кетейік, 2026 жылдың ақпан айында Руслан Курбанов Германияның Хайденхайм қаласында өткен Әлем кубогының жеңімпазы атанған болатын.

Ерлер арасындағы командалық жарыста Қазақстан Республикасының құрамасы 4-ші орынға табан тіреді. Ұлттық құрама сапында Шығыс Қазақстан облысының спортшысы Вадим Шарлаимов өнер көрсетті. Қазақстандық семсерлесушілер Аустралия, Польша және АҚШ құрамаларын жеңіп, жартылай финалда Францияға, ал қола жүлде үшін таласта Жапонияға жол берді. Командалық есепте бірінші орынды Франция, екінші орынды Италия, үшінші орынды Жапония иеленді.

Спортшыларымызды кезекті халықаралық жетістіктерімен құттықтаймыз!