
2026 жылғы 9-17 ақпан аралығында Шымкент қаласында 23 жасқа дейінгі жастар арасында ауыр атлетикадан Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Шығыс Қазақстан облысының құрамасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, жекелей сында бірнеше марапатқа ие болды және жалпыкомандалық есепте жүлделі орынды иеленді.
Жарыстың басты қаһарманы Темірлан Оқашев атанды. Ол қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмай, жұлқа көтеру, серпе көтеру және қоссайыс қосындысы бойынша үш алтын медальді жеңіп алды. Команда табысын Ерсұлтан Тұрсынбеков еселей түсті: ол жұлқа көтеру мен қоссайыс қосындысынан күміс жүлдегер, ал серпе көтеруден қола жүлде иегері атанды. Сондай-ақ, Бекнұр Мұратжанұлы жұлқа көтеруден үздік үштікті түйіндеп, қола медаль алды.
Барлық қатысушылардың тұрақты нәтижелерінің арқасында ШҚО құрамасы жалпыкомандалық есепте 3-орынға табан тіреді. Бұл жетістіктер өңірдегі спортты жүйелі қолдаудың және жаттықтырушылар құрамының кәсібилігінің жемісі. Спортшыларымызды жарқын жеңісімен құттықтаймыз және халықаралық додаларда жаңа рекордтар тілейміз!