Шығыс Қазақстан облысында Құсбегіліктен II облыстық чемпионат өз мәресіне жетті

Шығыс Қазақстан облысында Құсбегіліктен II облыстық чемпионат өз мәресіне жетті

2026 жылдың 6-8 ақпаны аралығында Күршім ауданының Топтерек ауылында өткен бұл ауқымды біріншілікті облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мен Күршім ауданының әкімдігі ұйымдастырды. Дүбірлі додаға Өскемен қаласынан, сондай-ақ Зайсан, Ұлан және Үлкен Нарын аудандарынан ең үздік құсбегілер жиналды. Жарысқа барлығы 25 бүркіт пен 6 ителгі (қаршыға/сұңқар) қатысты.
Бүркітшілер арасындағы тартысты бәсекеде Ұлан ауданының намысын қорғаған Нажитбан Горький жеңімпаз атанып, 1-орынды иеленді. 2-орын Зайсан қаласынан келген Ақынбек Төлепбергенге бұйырса, 3-орынды Нажитбан Айзере қанжығасына байлады. Құсбегілер бүркітті қолға шақыру және шығарға салу тәсілдері бойынша жоғары шеберлік көрсетті.
Ителгі (сокол) салудан өткен сында Өскемен қаласының өкілі Самғат Ердана алтын жүлдені (1-орын) иеленді. 2-орын Күршім ауданының намысын жыртқан Жандыкеев Айдосқа бұйырса, 3-орынды Зайсан қаласынан келген Төлепберген Боранбай еншіледі. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлер тиісті дәрежедегі медальдармен және грамоталармен марапатталды.
Республикалық «Құсбегілік» федерациясының регламентіне сай өткен бұл турнир өңірдегі саятшылық өнерін жаңғыртудың жарқын үлгісі болды. Шара барысында қатысушылардың қауіпсіздігіне баса назар аударылып, медициналық қызмет пен жол полициясының сүйемелдеуі толық қамтамасыз етілді. Топтерек ауылындағы бұл дода ұлттық рухты асқақтатып, өскелең ұрпақты ата кәсіпке баулуда маңызды рөл атқарды.