ШҚО спортшылары Италияда өтетін ХХV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды

ШҚО спортшылары Италияда өтетін ХХV Қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайды

2026 жылғы 6–22 ақпан аралығында Италияның Милан және Кортина-д’Ампеццо қалаларында төртжылдықтың басты спорттық додасы — ХХV Қысқы Олимпиада ойындары өтеді. Олимпиадаға әлемнің 93 елінен 3 500-ден астам спортшы қатысады.

Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы 10 спорт түрі бойынша бақ сынайды, оның ішінде фристайл могул да бар. Фристайл могул — Олимпиада бағдарламасындағы ең техникалық күрделі әрі көрермендер үшін ең әсерлі дисциплиналардың бірі.

Қазақстанның фристайл могул бойынша ұлттық құрамасы әлемдік рейтингтің топ-30 қатарына кіретін, тек Шығыс Қазақстан облысының тәрбиеленушілерінен жасақталған.

Галышева Юлия — Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, 2018 жылғы ХХІІІ Қысқы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері, 2019 жылғы әлем чемпионы, 2021 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін чемпионы және жүлдегері. Миландағы Олимпиада Юлия үшін мансабындағы бесінші Олимпиада ойындары болмақ.

Городко Анастасия — Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, жасөспірімдер арасындағы үш дүркін әлем чемпионы (2022, 2024, 2025), әлем чемпионатының екі мәрте қола жүлдегері (2021, 2025), 2025 жылғы XXXII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың чемпионы, 2022 жылғы ХХIV Қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Колмаков Павел — Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2021 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері, 2021 жылғы XXIX Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше дүркін жүлдегері. Қысқы Олимпиада ойындарының үш дүркін қатысушысы (2014, 2018, 2022).

Әмренова Аяулым — Қазақстан Республикасының халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 2025 жылғы XXXII Бүкіләлемдік қысқы Универсиаданың күміс жүлдегері, Әлем кубогы кезеңдерінің бірнеше мәрте қатысушысы, ХХІІІ және ХХIV Қысқы Олимпиада ойындарының қатысушысы.

Фристайлдан могул және жұптық могул дисциплиналары бойынша жарыстар 2026 жылғы 10–15 ақпан аралығында Ливиньо қаласындағы Snow Park кешенінде өтеді.