Белгілі спорт журналисі Диас Ахметшәріп дүниеден өтті

Белгілі спорт журналисі Диас Ахметшәріп дүниеден өтті

Еліміздің спорт журналистикасының майталманы, жарық жұлдызы, белгілі спорт журналисі Диас Советқалиұлы Ахметшәріптің мезгілсіз дүниеден өтуіне байланысты отбасына, жақындарына, достары мен әріптестеріне ШҚО дене шынықтыру және спорт басқармасының, Шығыс Қазақстан облысының спорт қауымының атынан қайғыра көңіл айтамыз. Бұл орны толмас қазада сіздердің қайғыларыңызға шын жүректен ортақтастығымызды білдіргіміз келеді. Топырағы торқа, иманы саламат, арты қайырлы болғай.

Ол қазақ спортын дамытуға үлкен үлес қосып, спорт сүйер қауымның жүрегінде ерекше орын алды. Диас Советқалиұлы өз еңбек жолын Қазақ радиосының репортері ретінде бастап, Qazaqstan телеарнасында және «Хабар» агенттігінде спорт журналисі, Qazsport телеарнасының алғашқы жетекшілерінің бірі болған еді. Өзінің жұмысына адалдығымен, терең білімімен және журналистикалық шеберлігімен танылды. Оның мақалалары мен репортаждары отандық спорттың жетістіктерін паш етіп, ел тұрғындарын спортқа баулуға үлкен ықпал етті.

Диас Советқалиұлының еліміздегі спорт саласы үшін қалдырған мұрасы спорт сүйер қауымның мәңгі есінде!