Еліміздегі 30 мектептің педагогтарына әлеуметтік стигманың алдын алу негіздері үйретіледі

Еліміздегі 30 мектептің педагогтарына әлеуметтік стигманың алдын алу негіздері үйретіледі

НҰР-СҰЛТАН, 27 сәуір 2021 ж. - БҰҰ Балалар қорының (ЮНИСЕФ) Қазақстандағы өкілдігі Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен, С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетімен және «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық-Азиялық Қауымдастығы» ЗТБ-мен серктестікте стигманың*  алдын алу және АИТВ-мен және басқа да созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерді қолдау жөніндегі ақпараттық науқанды бастады. 27 сәуір мен 26 мамыр аралығында аталмыш науқан Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Түркістан облыстарының және Алматы мен Шымкент қалаларының 30 пилоттық мектебінде өтпек. 

«Мұғалімдердің АИТВ саласындағы білім деңгейін көтере отырып, біз АИТВ-мен және өзге де созылмалы аурулармен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге жағымсыз күйзелістерге бой алдырмай, физикалық және психологиялық денсаулықты сақтауға және нығайтуға көмектесеміз», - деп атап өтті ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов. 

Ақпараттық науқан аясында пилоттық мектептер үздік халықаралық тәжірибелер негізінде әзірленген арнайы әдістемелік ұсынымдар алады. Ұсынымдар мектептерде, сондай-ақ АИТВ-мен өмір сүретін немесе АИТВ және басқа да созылмалы аурулармен ауыратын балаларды қолдау үшін әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау ұйымдары мамандарының жұмысында пайдалануға арналған. Онда авторлар мектептерде АИТВ-дан зардап шеккен балалар мен отбасылар тап болатын нақты мәселелерді және оларды жеңу жолдарын қарастырады. 

Берілген ұсынымдарда стигманы жеңудің заманауи тәсілдері ұсынылады, сондай-ақ АИТВ, стигма және кемсітушілік, АИТВ-мен өмір сүру, АИТВ статусы мен құпиялылығын ашу, баланың құқықтарын қорғау мен АИТВ және басқа да созылмалы аурулары бар балаларға мейірімді мектептердің тұжырымдамалары туралы фактілер мен сенімді ақпарат қамтылады.

Мектептерге, әлеуметтік қорғау және денсаулық сақтау ұйымдарына арналған әдістемелік ұсынымдардың тұсаукесері 19 мамырда мектеп директорлары мен меңгерушілерінің қатысуымен республикалық онлайн-конференцияда өтеді. Әдістемелік ұсынымдар пилоттық мектептерде бейімделіп, елдің барлық мамандандырылған оқу орындарына таратылатын болады. 

«Балалар мен жасөспірімдердің мүддесі үшін мектеп қызметкерлерінің АИТВ, оның берілу жолдары мен алдын алу туралы толық білімі болуы маңызды. Мұғалімдер АИТВ туралы ғылыми негізделген ақпаратты стигматизацияланбайтын түрде және қате пікірсіз ұсынуы, АИТВ бар баланың басқаларға ешқандай қауіп төндірмейтінін, ал мектеп - кемсітушіліктен қорықпай, әркім қолдау таба алатын орын екенін түсінуі тиіс», - дейді «АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық-Азиялық Қауымдастығы» ЗТБ президенті Нурали Аманжолов.

Қазіргі таңда ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Қазақ дерматология және инфекциялық аурулар ғылыми орталығының мәліметтері бойынша елімізде АИТВ-мен ауыратын 580 бала мен жасөспірім бар. 2020 жылы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің және ЮНИСЕФ мамандары еліміздің алты пилоттық аймағының мектептерінде психоәлеуметтік қолдаудың ұлттық стандарттарын енгізуді бағалады. Қазақстан мектептерінде АИТВ жұқтырудың бірде-бір тіркелген жағдайы болмаса да, бағалау нәтижесі АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдерге қатысты стигманың жоғары деңгейін көрсетті. Сарапшылар мектептерде, интернаттарда, мектепке дейінгі және медициналық мекемелерде АИТВ-мен ауыратын балалар мен олардың отбасыларының стигма мен кемсітушілік жағдайларын анықтады.

АИТВ-мен өмір сүретін балалар мен жасөспірімдер қиындықтарға тап болып жатады. Олар көп жағдайда АИТВ ауруға, металды денсаулыққа, арнайы антиретровирустық препараттарды қабылдаудың қатаң режимін сақтауға байланысты болады. Бұл өз кезегінде жанама әсерлерге әкеп соқтырады. Көптеген мектеп педагогтары АИТВ - позитивті балалардың басқаларға ешқандай қауіп төндірмейтінін және олардың статусына қатысты қажетті құпиялылықтың сақтау керектігін түсінбейді.

«Әр баланың кемсітусіз және оның құқықтары мен мүдделері бұзылмай өмір сүруге құқығы бар. Осал балаларға, созылмалы аурулары бар балаларға ерекше назар аудару керек. Мектептерде олар қолдау мен түсіністікке ие болуы керек, олар өздерін жайлы сезінуі керек және құрдастары мен мұғалімдері тарапынан кемсітушіліктен қорықпауы керек. Мектеп оқушылар мен қызметкерлердің АИТВ-оң статусы туралы білмеуі мүмкін, бірақ оның АИТВ-мен өмір сүретін адамдарға қатысты достық және қолдау саясаты мектепке де, жалпы қоғамға да пайда әкеледі», - деп белгілеп өтті Қазақстандағы ЮНИСЕФ өкілі Артур ван Дизен.

Редакторларға арналған ақпарат: 

«АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық-Азиялық Қауымдастығы» ЗТБ 2009 жылы төрт елден АИТВ-мен өмір сүретін адамдармен: Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан ұлттық ұйымдарды қолдау бойынша бірлескен қызмет үшін, АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың сапасы мен қадір-қасиетін жақсарту үшін құрылды.

«АӨА ОАҚ» ЗТБ қызметі туралы толығырақ ақпарат www.caapl.org сайтында.

Instagram және Facebook парақшаларымызға жазылыңыз.

ЮНИСЕФ өз қызметін әр баланың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырады. ЮНИСЕФ өзінің серіктестерімен бірлесіп әлемнің 190 елі мен аумағында өз міндеттемелерін жүзеге асыру мақсатында жұмыс істейді, бұл ретте неғұрлым аз қамтылған және оқшауланған балаларды қамту мәселесіне; балалардың игілігіне, әлемнің барлық бұрыштарында ерекше назар аударады.

ЮНИСЕФ-тің қызметі туралы толық ақпарат https://www.unicef.org/kazakhstan/kk сайтында.

Instagram, Facebook және Twitter парақшаларымызға жазылыңыз.

 *Стигма - жеке тұлғаның девальвациясының стигмадинамикалық процесі, ол айналадағылардың көз алдында жеке адамның «айтарлықтай дәрежеде беделін түсіреді». Стигма пайда болатын қасиеттер ең кездейсоқ болуы мүмкін – мысалы, терінің түсі немесе сөйлеу тәсілі. Әр түрлі мәдениеттерде немесе қоғамдарда белгілі бір қасиеттер әдетте беделін түсіру немесе лайықты емес деп саналады.

АИТВ-ға байланысты стигма көп қырлы, АИТВ мен ЖИТС маргиналды болып саналатын мінез-құлық түрлерімен ұқсастыруына байланысты теріс факторлардың дамуына және күшеюіне бейім. Стигма мен дискриминация АИТВ-ның таралуына жағдай жасайды және эпидемияның жағымсыз салдарын едәуір арттырады. Стигма адамға қатты зиян келтіреді және АИТВ-оң балалар мен жасөспірімдерде ұят, кінә, кемшілік және оқшаулану сезімдерінің пайда болуына әкелуі мүмкін. Сондай-ақ, бұл жеке тұлғалардың немесе мекемелер тарапынан кемсітушілікке әкелуі мүмкін, бұл тікелей зиян келтіреді және балалардың заңды құқықтарын бұзады.

 БАҚ үшін байланыс мәліметтері:

Эльвира Яушева

Қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы

ЮНИСЕФ

Тел: +7 707 109 8553

Электрондық пошта: eyausheva@unicef.org

Марина Максимова

«АИТВ-мен өмір сүретін адамдардың Орталық-Азиялық Қауымдастығы» ЗТБ

байланыс бойынша аймақтық маманы

marina_maximova@rambler.ru

телефоны +7 777 225 4601