
Шығыс Қазақстан облысында еңбек әулеттері, тәжірибелі тәлімгерлер мен жас өндіріс қызметкерлері арасында өткізілетін «Еңбек жолы» республикалық байқауының облыстық кезеңі қорытындыланды.
2026 жылы байқауға 34 қатысушы қатысты: оның ішінде 6 еңбек әулеті, 13 тәлімгер және 15 жас маман бар.
Байқаудың басты мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, еңбек дәстүрлерін сақтау, тәлімгерлікті дамыту және жастарға кәсіби еңбектің маңыздылығын көрсету.
«Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша бірінші орынды Фатеевтер–Линкер әулеті – «Өскемен құс фабрикасы» АҚ (Ұлан ауданы) иеленді. Әулет құрамында 25 адам бар, олардың жалпы еңбек өтілі 307 жылды құрайды.
Екінші орынды Жүсіповтер әулеті – «Бірыңғай энергетикалық сервистік компания» АҚ (146 жыл еңбек өтілі, 8 адам), үшінші орынды Тұрдыбековтер әулеті – «Бірыңғай энергетикалық сервистік компания» АҚ (120 жыл, 5 адам) иеленді. Төртінші орын «Үлкен Нарын орман шаруашылығы» КММ ұсынған Қосаевтар әулетіне бұйырды (62 жыл, 4 адам).
«Жұмысшы жастардың үздік тәлімгері» номинациясында бірінші орынды «Өскемен қаласының көлік компаниясы» ЖШС қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі ревизоры Татьяна Васильевна Олейникова иеленді.
Екінші орын – «ГРК МЛД» ЖШС (Марқакөл) маманы Ильяс Тусипханович Исбаевқа, үшінші орын – «Адал» шаруа қожалығының (Самар ауданы) механизаторы Әсет Саматұлы Әбдірахмановқа берілді.
«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында бірінші орынға Самар ауданының «Нургазин» шаруа қожалығының механизаторы Нұрсұлтан Нұрланұлы Онлабаев лайық деп танылды.
Екінші орынды «Қазцинк Риддер» ЖШС Долинный кенішінің маркшейдері Наталья Евгеньевна Трусова, үшінші орынды «Шығыс Жылу» АҚ гидравликалық есептеулер жөніндегі инженері Алида Талғатқызы Бакинбаева иеленді.
Облыстық кезеңнің жеңімпаздары – Фатеевтер–Линкер әулеті, Татьяна Олейникова және Нұрсұлтан Онлабаев – байқаудың республикалық кезеңіне қатысуға ұсынылды.
Шығыс Қазақстан «Еңбек жолы» байқауында дәстүрлі түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. 2017 жылдан бері облыс өкілдері республикалық кезеңде алты рет жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарынан көрінді. Олардың қатарында Филипповтер, Сағадиевтер, Белогорцевтер, Ковалевтер, Аушиновтар және Деминдер әулеттері бар. 2025 жылы дәл осы Деминдер әулеті – Риддер қаласындағы «Қазцинк» ЖШС өкілдері республикалық кезеңде бірінші орынға ие болды.
«Еңбек жолы» – өз еңбегімен өңірдің болашағын қалыптастырып, кәсіби дәстүрлерді сақтап, тәжірибесін кейінгі ұрпаққа жеткізіп жүрген адамдарды дәріптейтін байқау.