Сот өндірісінің ашықтығы мен қол жетімділігін қамтамасыз етуде «Сот кабинеті» элетрондық жобасын енгізуі Қазақстан сот жүйесінің маңызды қадамы болды.
Үйден шықпай-ақ ғаламтор арқылы сотқа жүгіну сот төрелігіне қол жеткізуді оңтайландырып қана қоймай, сотқа келушілер мен сот органдарының уақытын да үнемдеуде.
«Сот кабинеті» сервисі арқылы арыз, шағымдар және өтінішхаттар беруге, мемлекеттік баж төлемін онлайн жүзеге асыруға болады. Сонымен қатар, сервис арқылы электронды сот құжаттарын қарауға, сақтауға, жүктеуге болады және талап арыз туралы ақпараттарды, істің қаралу динамикасын, бейне материалдарды көруге, апелляциялық шағым, жеке шағым, қадағалау тәртібімен сот актісін қайта қарау туралы өтінішхат, жаңадан ашылған мән-жайлар бойынша сот актілерін қайта қарау және т.б. арыздармен жүгінуге болады.
«Сот кабинеті» арқылы арыз немесе шағым берген азамат оның тіркелгені туралы талон және SMS-хабарлама алады. Бұл аталған сервистерге «Сот кабинеті» мобильдік қосымшасы арқылы да қол жеткізуге болады. Кезекті сот отырысының болатын уақыты, орыны және күні туралы ақпарат тараптардың ұялы телефонына SMS-хабарлама ретінде, істің қаралуы туралы ақпарат push-хабарлама түрінде түседі, сонымен қатар, қосымшаны қолданушылар мәтінді хабарламамен алмаса алады. Бұл мүмкіндіктер тараптардың шығындарын қысқартып қана қоймай, істердің қаралу мерзімін де қысқартуға мүмкіндік береді.
ШҚО Шемонаиха аудандық сотының
кеңсе меңгерушісі Отешова Г.Т.