Шығыс Қазақстан облысының Шемонаиха ауданында энергетика және өнеркәсіп салаларында ірі жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында аудан әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов мәлімдеді.
– «Уба өзенінің арнасында орта қуатты су электр станциясын салу» жобасы республикалық инвестициялық жобалар пулының құрамына енгізілген. Жобаның құны шамамен 180–200 миллион АҚШ долларын құрайды және 20 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жалпы қуаты 200 МВт болатын тағы екі су электр станциясын салу жоспарланған. Бұл жобаларға шамамен 200 миллиард теңге инвестиция тартылмақ, – деді Данияр Жүнісов.
Оның айтуынша, «Aurum International Mining Limited» компаниясы да құны 11 миллиард теңге болатын «Қатты пайдалы қазбаларды барлау» жобасын іске асыруды көздеп отыр. Жоба аясында 20 жұмыс орны ашылады. Барлау жұмыстары аяқталғаннан кейін алтын өндіруге дайындық жүргізіліп, кеннен алтын бөліп алу зауытын салу жоспарланған.
Ауданда кәсіпкерлерді қолдау мақсатында «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша 143 миллион теңгеден астам сомаға несие берілді. Өз ісін ашу және кеңейту үшін әрқайсысы 1,7 миллион теңге болатын 13 грантқа квота бөлінген. «Өрлеу» жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы аясында екі жоба мақұлданды. «Бастау Бизнес» жобасы бойынша 14 адам оқудан өтті.
Агроөнеркәсіптік кешен саласында «1000 басқа арналған сүт-тауар фермасын салу және кеңейту» инвестициялық жобасын іске асыру жоспарланған.
– Ауданда халықты ауыз сумен қамтамасыз ету деңгейі 100 пайызды құрайды. Үлкен Речка және Березовка ауылдарында су құбыры желілерінің құрылысы аяқталды. Шемонаиха қаласының 11, 12 шағын аудандарында және Теміржолшы шағын ауданында су құбыры желілері қайта жаңғыртылды. Сонымен қатар биыл аудандық маңызы бар «Предгорное – Верх-Уба» автомобиль жолының 2,4 шақырымдық бөлігіне орташа жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарланып отыр, – деді Данияр Жүнісов.
Халықты жұмыспен қамту да ауданның басым міндеттерінің бірі болып қала береді. Тұрақты жұмыс орындарына 233 адам орналастырылса, уақытша жұмысқа 164 адам тартылды. Атаулы әлеуметтік көмек алатын еңбекке қабілетті азаматтардың шамамен 80 пайызы белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысуда.
Денсаулық сақтау саласында да екі маңызды жоба жүзеге асырылмақ. Биыл «KAZ Minerals» ЖШС Шемонаиха қаласындағы жұқпалы аурулар бөлімшесін қайта жаңғыртып, дәрігерлік амбулатория салуды жоспарлап отыр.