Шемонаиха қаласындағы Үбі өзенінің жағалауында өтетін ауқымды жазғы фестиваль биыл қатарынан екінші рет ұйымдастырылмақ. Өткен жылы фестивальге екі мыңнан астам адам жиналса, биыл келушілер санының едәуір артуы күтілуде.
– UBA OpenFest фестивалі Шемонаиха қаласына кіреберістегі Үбі өзенінің жағасында өтеді. Іс-шараға қолданбалы өнер шеберлері мен шығармашылық ұжымдар қатысып, концерттік бағдарлама ұсынады. Биыл фестиваль ауқымдырақ деңгейде ұйымдастырылады. Бес мыңнан астам тұрғын мен қонақты қабылдауды жоспарлап отырмыз, – деді Шемонаиха ауданы әкімінің орынбасары Данияр Жүнісов.
Оның айтуынша, мұндай шара өңірдің туристік саласының дамуына оң әсер етіп, аудандағы бір күндік туризмді дамытуға серпін береді.
Әйгілі Марин жартасы маңындағы аумақты дамыту жұмыстары қолға алынбақ. Осы мақсатта тиісті жер телімі бөлініп, қазір аумақты тазарту жұмыстары жүргізілді. Енді жобаны жүзеге асыратын мердігер ұйымды анықтау жұмыстары жүргізілуде.
– Мұнда туристерге арналған жайлы демалыс аймағы жасақталады. Атап айтқанда, орындықтар мен беседкалар орнатылады. Биыл аумақты абаттандыру жұмыстарын жүргізсек, келесі жылы пирс салып, тоғанды тазартуды жоспарлап отырмыз, – деді Данияр Жүнісов.