«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Шығыс Қазақстан облысы бойынша филиалы өңірдегі ең танымал есімдерге рейтинг жасады. Үздік бестікке Ай-Сафи, Марьям, Томирис, Кира және Сафия есімдері енді. Ер есімдер тізімінде Бейбарыс, Алинур, Хақназар, Давид, Максим есімдері бар.
Жыл басынан бері ШҚО-да шамамен жеті мың туу туралы куәлік берілді. Оның ішінде үш мыңнан астамын ата-аналар проактивті форматта рәсімдеген. Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда проактивті өтінімдердің саны айтарлықтай артқан, бұл азаматтардың цифрлық сервистерге деген сенімінің өсіп келе жатқанын көрсетеді.
«Бала дүниеге келгеннен кейін ата-анаға SMS-хабарлама келеді. Сол хабарламаға жауап ретінде бірнеше сұраққа жауап беріп, таңдалған есімді көрсету қажет. Мұндай формат туу туралы куәлікті алу рәсімін айтарлықтай жеңілдетеді және азаматтардың уақытын үнемдейді», – деді Мемлекеттік корпорация ШҚО бойынша филиалының директоры Азамат Есембулов.