
Биыл 1 шілдеден бастап Қазақстанда электрлі самокаттарды жалға беру сервистері мен оларды пайдаланушыларға қойылатын жаңа талап күшіне енді.
Енді электрлі самокаттарды жалға беретін компаниялар қызметті пайдаланушылардың жасын, жүргізуші куәлігінің болуын, олардың көлік құралын басқару құқығынан айырылмағанын тексеруге міндетті. Электрлі самокатпен жолдың жүру бөлігіне тек кәмелетке толған және кез келген санаттағы жүргізуші куәлігі бар пайдаланушылар ғана шыға алады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында ШҚО ПД Әкімшілік полиция басқармасы бастығының орынбасары Игорь Клишин мәлімдеді.
Бұдан бөлек, жалға берілетін самокаттарда мемлекеттік тіркеу нөмірі мен міндетті сақтандыру болуы тиіс. Ал сервистер самокаттардың қозғалыс жылдамдығын, техникалық жай-күйін және олардың тұраққа қойылуын бақылауға міндетті.
«Өзгерістер пайдаланушылардың жауапкершілігіне де қатысты. Жол қозғалысы ережелерін алғаш рет бұзғаны үшін 2 АЕК мөлшерінде, ал бір жыл ішінде заң бұзушылық қайталанған жағдайда – 10 АЕК көлемінде айыппұл қарастырылған. Егер құқық бұзушылық жол-көлік оқиғасына әкеліп, адамның денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілсе, айыппұл мөлшері ұлғаяды», – деп нақтылады Игорь Клишин.
Электр самокатын жүргізушілерге жолаушыларды тасымалдауға, жаяу жүргіншілер өткелі арқылы самокаттан түспей жолды кесіп өтуге, сондай-ақ қараңғы уақытта жарық қайтаратын элементтерсіз жолдың жүру бөлігімен қозғалуға тыйым салынады. Жолдың жүру бөлігімен жүрген кезде түймеленген қорғаныс дулығасын кию міндетті.
Тағы бір жаңа талап 2026 жылғы 25 тамыздан бастап күшіне енеді. Осы күннен бастап электрлі самокатпен тротуар және жаяу жүргіншілер жолағымен жүруге тыйым салынады.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ