
ШҚО-да нашақорлықтың алдын алу бойынша қандай шаралар жүргізілуде? Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Esbol Qory» қорының төрағасы Жандос Берікұлы мәлімдеді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында заңның үстемдігі мен қоғамдық тәртіп еліміздің тұрақты дамуының негізгі шарттары екенін ерекше атап өтті. Осы бағытта Шығыс Қазақстан облысында құқықтық тәртіпті нығайту, құқық бұзушылықтардың алдын алу, құқықтық мәдениетті арттыру және халықтың барлық санатында жауапкершілік сезімін қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері жастар ресурстық орталықтары заң мен тәртіпті кеңінен насихаттау мақсатында 80-нен астам іс-шара өткізіп, 14 мыңнан астам жасты қамтыды. Сонымен қатар, «Esbol Qory» республикалық қорымен бірлесіп жүзеге асырылған «Esirtkisiz Qazaqstan» жобасы осы жұмыстардың заңды жалғасына айналды.
Бүгінде облыс көлемінде нашақорлықтың, лудоманияның, буллингтің алдын алу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқықтық және қаржылық сауаттылықты арттыру бағытында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында 25 жоба іске асырылуда.
Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің 2026 жылдың алғашқы 3 айындағы қорытындысына сәйкес, есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты 82 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Оның ішінде 28 қылмыстық теріс қылық және 54 есірткі қылмысы тіркелген. Атап айтқанда, 44 дерек - есірткі өткізу, 3 дерек - аса ірі мөлшерде сақтау, 2 дерек - есірткі өсіру, 4 дерек - есірткі жарнамасына қатысты.
Сонымен қатар, 2 фитозертхана мен синтетикалық есірткі дайындайтын 1 зертхана жойылды. Заңсыз айналымнан 45 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 19 келіден астамы синтетикалық заттар. Қазіргі таңда есірткіге тәуелді ретінде 1132 адам есепте тұр.
Есірткі қылмысына қарсы күрес және оның алдын алу шаралары Полиция департаменті басшылығының қатаң бақылауында.
Дереккөз: ШҚО ӨКҚ