
Шемонаиха ауданында жол талғамайтын көліктер арасында өткен «RFC Challenge Spring» ашық өңірлік жарысы сәтті ұйымдастырылып, көрермендер мен қатысушыларды күрделі трассада тоғыстырды.
Таңертеңнен бастап жарыс жолына Астана, Өскемен, Семей қалаларынан, сондай-ақ Бородулиха және Шемонаиха аудандарынан келген 12 команда шықты. Қатысушылар R3 санаты (модификацияланған көліктер) бойынша бақ сынап, ойлы-қырлы жер бедерінде көлік жүргізу шеберлігін көрсетті.
Жарысқа әртүрлі маркадағы арнайы дайындалған жол талғамайтын көліктер қатысты. Олардың қатарында Toyota Land Cruiser Prado, Nissan Patrol, Jeep Cherokee, Lada Niva, УАЗ-469 және Tank 400 бар. Трасса табиғи кедергілермен қатар, арнайы дайындалған жасанды учаскелерді де қамтыды. Бұл қатысушылардан жоғары дәлдік, төзімділік және үйлесімді әрекетті талап етті.
Жарыс барысында экипаждар арнайы секциялардан өтіп, онда тек көліктің техникалық мүмкіндіктері ғана емес, жүргізушілердің шеберлігі де бағаланды. Іс-шара тартысты әрі достық атмосферада өтіп, көрермендерге әсерлі сәттер мен жарқын эмоциялар сыйлады.
Ұйымдастырушылар қауіпсіздікке ерекше мән берді: жарыс барысында медициналық қызмет, полиция қызметкерлері және төтенше жағдайлар бөлімі кезекшілік атқарды. Барлық қатысушылар міндетті техникалық тексерістен өтіп, сақтандыру полистеріне ие болды.
«RFC Challenge Spring» жарысының өтуі өңірдегі автоспортты дамытуға, ішкі туризмді ілгерілетуге және салауатты өмір салтын насихаттауға ықпал ететін маңызды оқиғаға айналды.