
Шығыс Қазақстан облысында жылу инфрақұрылымын кезең-кезеңімен жаңғырту жұмыстары жалғасып жатыр. Негізгі мақсат – тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз жылумен қамтамасыз ету. Осы бағыттағы маңызды жобалардың бірі Шемонаиха қаласында жүзеге асырылуда.
Қаладағы сорғы станциясын жаңарту жобасы «Востокэнерго» кәсіпорнының ірі қазандық кешенімен тығыз байланысты. Бұл кәсіпорын Шемонаиха мен оған іргелес елді мекендерді жылумен және ыстық сумен қамтамасыз ететін негізгі жүйе болып саналады.
Соңғы жылдары қаланың кеңеюі мен жаңа шағын аудандардың пайда болуы жылу жүйесіне түсетін жүктемені арттырған. Осыған байланысты қолданыстағы гидравликалық жүйенің мүмкіндіктері шектеулі екені байқалған.
Шемонаиха ауданының әкімі Дидар Кеңесбаев бұл мәселеге қатысты:
– Қала дамып келеді, соған байланысты жылу қуатын арттыру қажеттілігі туындады. Қазіргі уақытта жылу қоры жеткілікті болғанымен, оны тұтынушыларға толық жеткізу қиындық туғызуда, – деп атап өтті.
Мәселені шешу үшін сорғы станциясының қуатын арттыру жобасы қолға алынған. Құрылыс жұмыстары өткен жылы басталып, биыл толық аяқталады деп жоспарлануда. Жобаға шамамен 400 миллион теңге бөлінген. Қаржыландыру жергілікті және облыстық бюджет есебінен жүзеге асырылып жатыр.
Жоба іске қосылғаннан кейін; жылу қысымы тұрақтанады, шалғай аудандарға жылу толық жетеді, тұрғын үйлердегі температура мәселесі шешіледі.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жаңа бас жоспарға сәйкес қаланың шеткері шағын аудандарын орталықтандырылған жылу жүйесіне қосу көзделген.
Жалпы, өңірде жүргізіліп жатқан мұндай жаңғырту жұмыстары тұрғындардың өмір сапасын арттырып, коммуналдық қызметтердің сенімділігін күшейтуге бағытталған.