
ШҚО-да Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен «Мөлдір бұлақ» акциясы және «Таза Қазақстан» жобасы аясында сенбіліктер, экологиялық және су тасқынына қарсы іс-шаралар ұйымдастырылды. Тұрғындар, еріктілер, мемлекеттік органдар мен ұйымдар тазалау және абаттандыру жұмыстарына белсенді қатысты.
Тарбағатай ауданында орталық саябақ тазаланып, қар шығарылып, арықтар ретке келтірілді. Мәселен, Ақжар ауылынан 2,5 мың текше метр қар шығарылды.
Зайсан ауданында тазалау жұмыстары қала мен ауылдық округтерде жүргізіліп, көшелер мен су бұру каналдары тазартылды. Мұнда «ECO life - таза ойлар, таза орта» іс-шарасы өтті. Сенбіліктерге Сарытерек ауылдық округі аппараты мен әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлері ғана емес, тұрғындар да қатысты. Ең белсенділерінің бірі ерлі-зайыптылар Толқын Мұратбай мен Сетерхан Қабдешқызы болды. 11 күн ішінде олар Зайсаннан Астанаға дейінгі жол бойында 10 тоннаға дейін қоқыс жинады. Олардың жеке үлестері көптеген адамдар үшін үлгі болып табылады!
Алтай ауданында Қайсенов атындағы 68303 әскери бөлімінің 2-ші құтқару батальоны жеке құрамының әскери қызметшілерінің қатысуымен каналдар мен су өткізу жүйелері тазартылды. Республикалық тас жол бойындағы, Соловьево ауылындағы арналар және Маяк ауылындағы су өткізу құбырлары ретке келтірілді. Бородино ауылында да сенбілік өтті.
Шемонаиха ауданында «Үш қайың» алаңы тазаланды, жергілікті тұрғындардың сүйікті демалыс орны толығымен тиісті түрге келтірілді.
ШҚО-да экологиялық жағдайды жақсарту және экомәдениетті қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жалғастырылатын болады.