
ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте азаматтық және қызметтік қару айналымына қатысты заңнамадағы өзгерістер туралы айтылды.
ШҚО Полиция департаменті Қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы, полиция полковнигі Орал Рыспаев «Қарудың жекелеген түрлерінің айналымына мемлекеттік бақылау туралы» ҚР Заңындағы негізгі жаңашылдықтар жөнінде баяндады.
– Енді азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы қару иелері белгіленген тәртіпке сәйкес қаруын бақылау мақсатындағы атысқа ұсынуға міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, қаруды сақтау және алып жүру рұқсатының күші уақытша тоқтатылуы мүмкін. Бұл шара қаруды сәйкестендіру және бақылауды күшейту мақсатында енгізіліп отыр. Сонымен қатар жаңа өзгерістер аясында мемлекеттік оқ-гильза деректер қоры – пулегильзотека қалыптастырылады. Бұл атыс қаруын қолдану арқылы жасалған қылмыстарды ашудың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді, – деді Орал Рыспаев.
Сонымен қатар қару айналымы саласында мемлекеттік қызмет көрсету тәртібіне де өзгерістер енгізілді. Енді азаматтар лицензиялар мен рұқсаттарды eGov порталы арқылы онлайн форматта ала алады.
Айта кету керек, облыс орталығындағы қару-жарақ дүкендері мен қаруды орталықтандырылған сақтау пункттері Полицияның Жедел басқару орталығына (ЖБО) қосылатын болады.
– Қару-жарақ дүкендері мен қаруды орталықтандырылған сақтау пункттері терроризм тұрғысынан осал нысандар тізіміне енгізілген. Бейнеағынды ЖБО-ға беру нысандардың ішіндегі және айналасындағы жағдайды нақты уақыт режимінде бақылауға мүмкіндік береді. Ал төтенше жағдайлар туындаған жағдайда полиция нарядтарының іс-қимылдарын жедел үйлестіруге жол ашады, – деді ШҚО Полиция департаментінде.
Қазір Өскеменде азаматтық және қызметтік қаруды сататын үш мамандандырылған дүкен және қаруды орталықтандырылған сақтайтын үш пункт бар. Бүгінде олардың бір бөлігі Жедел басқару орталығына қосылып үлгерді, қалғандары кезең-кезеңімен жүйеге қосылады.