
2025 жылғы 28 қарашада елордада Қазақстан Президентінің қатысуымен «Диалог-ауыл әкімдерінің платформасы» форумы өтті. Ол ауылдық аумақтарды дамытуға және жергілікті әкімдердің рөлін нығайтуға арналған. Шығыс Қазақстан облысының атынан 87 ауыл әкімі, Шемонаиха ауданынан 9 ауыл әкімі қатысты
Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін «нақты іс жүзінде тиімді болатындай» күшейту керектігін атап өтті.
Бұл ауылдардағы абаттандыру, инфрақұрылым, арнайы техникамен қамтамасыз ету және ауыл тұрғындарының өмір сапасына тікелей әсер ететін өзге де мәселелерді жедел шешу үшін маңызды.
Айта кетейік, қазір Мәжілісте «Жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» заңға енгізілетін өзгерістер қаралып жатыр. Онда ауыл әкімдерінің өкілеттіктерін арттыру көзделген. Дегенмен, кейбір мәселелер әлі де пысықтауды қажет етеді.
Форум алты панельдік сессиядан тұрады. Әрқайсысы нақты бағыттарға арналған:
әлеуметтік саясат және адами капиталды дамыту;
ауыл шаруашылығы және табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
өңірлік саясат және ауылдарды дамыту;
бюджеттік-қаржылық саясат және экономикалық өсім көздері;
ауылдарды цифрландыру, жасанды интеллект және әкімдердің жұмысын жеңілдететін цифрлық шешімдер;
жергілікті мемлекеттік басқару және ауылдық округ әкімдерінің міндеттері.
Әр алаңда 15-16 қатысушы тақырыпты өзара талқылап, жергілікті атқарушы органдардың жұмысын күшейтуге бағытталған практикалық ұсыныстар әзірлеуде.
Форумға өңір әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен әкім аппаратының басшысы Е. Текешов қатысты.
Осындай диалогтың негізгі мақсаты – ауыл әкімдеріне заманауи әрі қолайлы жұмыс жағдайын жасау. Бұл жергілікті деңгейде шешім қабылдауды жылдамдатып, ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартуға ықпал етеді.