Шығыс Қазақстанда көлік инфрақұрылымы белсенді дамуда

Шығыс Қазақстанда көлік инфрақұрылымы белсенді дамуда

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Шығыс Қазақстан облысында көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл өз кезегінде өңірдің туризмін және экономикасын өркендетуге жаңа өсу нүктелерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
2024 жылы негізгі басымдық Катонқарағай және Зайсан аудандарында жаңа әуежайлар салуға берілді. Қазіргі уақытта Катонқарағай ауданында әуежай құрылысы басталды — құрылысқа арналған жер учаскесі Өрнек пен Белқарағай ауылдарының арасында, «Өскемен – Алтай – Рахман қайнары» автожолының бойында таңдалған. Жобаны «Қазаэронавигация» РМК тапсырысымен «Элхон» ЖШС жүзеге асыруда.
Жобада ұзындығы 2200 метр, ені 35 метр ұшу-қону жолағын салу көзделген. Бұл жолақ Q400, ATR 42/72, CRJ200 үлгісіндегі әуе кемелерін қабылдауға мүмкіндік береді. Жобаны 2025 жылдың соңында аяқтау жоспарланған.
Сонымен қатар, жол желісін жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілуде. Өткен жылы «Жол жылы» аясында республикалық және жергілікті маңыздағы 710 шақырым автожол жөнделді. 2024 жылы тағы кемінде 700 шақырым жолды жаңарту көзделіп отыр.
Туристік бағыттар ерекше назарда. Қазіргі таңда «Қалбатау – Майқапшағай» автожолын қайта құру аяқталуға жақын. Сондай-ақ Риддерге, Шемонайхаға және Семейге бағытталған жолдарда құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Стратегиялық маңызы жоғары учаскелердің бірі — «Өскемен – Алтай – Катонқарағай – Рахман қайнары» жолы, соның ішінде Осинов асуы.
Пихтовка өзені арқылы өтетін көпірді қоса алғанда, көпір өткелдерінің құрылысы да аяқталу сатысында.
Бұл шаралардың барлығы өңірдің негізгі табиғи және туристік нысандарына қолжетімділікті арттыруға, көлік логистикасын кеңейтуге және саяхатшылар мен инвесторлар үшін Шығыс Қазақстанның тартымдылығын күшейтуге бағытталған.