ШҚО-да мамандар өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздік туралы айтты

ШҚО-да мамандар өңірдегі сейсмикалық қауіпсіздік туралы айтты

ШҚО ТЖД мамандары мен ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы өкілдерінің қатысуымен өткен брифингте өңірдің сейсмикалық қауіпсіздігі туралы айтылды.
Шығыс Қазақстанда барлығы 75 сейсмикалық қауіпті елді мекен орналасқан. Жыл басынан бері өңірде 2 балдан астам қарқындылықта 3 жер сілкінісі болды, зардап шеккендер мен қиратулар тіркелмеді.
Глубокое ауданында және Зайсан қаласында 2 сейсмологиялық станция бар. Ал облыста Ұлттық ғылыми орталықтың сейсмологиялық обсерваториясына деректерді онлайн режимде жіберіп отыратын 12 сейсмодатчик орнатылды.
Өңірдегі халықты құлақтандыру үшін 72 электр дабылы, 48 сиреналық сөйлеу құрылғысы, 23 цифрлық эфирлік телехабар тарату арнасы және 12 радиохабар тарату арнасы жұмылдырылады. ШҚО ТЖД-да жер сілкіністерінің салдарын жою үшін жалпы саны 224 адамнан тұратын, 53 бірлік техникасы бар топ құрылған. Сондай-ақ 182 эвакуациялық пункт қарастырылған.
ШҚО құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының деректері бойынша 2024 жылы облыс пен Өскемен қаласын егжей-тегжейлі сейсмикалық аймақтарға бөлу карталарының жиынтығы әзірленіп, бекітілді. 2025-2026 жылдарға Қазақстан Республикасының сейсмологиялық саласын дамытудың Кешенді жоспары шеңберінде облыс орталығының ғимараттары мен құрылыстарының сейсмикалық төзімділігіне паспорттау жоспарланған.
Алдын ала деректер бойынша облыс аумағында 2 мыңнан астам көппәтерлі тұрғын үй және сейсмикалық күшейтуге жататын 299 әлеуметтік маңызды нысан, оның ішінде 164 мектеп, 51 балабақша, 84 медициналық ғимарат бар.
Қазіргі уақытта Өскемен қаласы бойынша жер сілкінісіне төзімділікке бірінші кезекте паспорттауға жататын әлеуметтік маңызы бар объектілер мен көппәтерлі тұрғын үйлердің тізбесін қалыптастыру бойынша жұмыс жүргізілуде.
ШҚО ТЖД мамандары жер сілкінісі кезіндегі қауіпсіздік ережелерін еске салады.
Егер сіз ғимарат ішінде болсаңыз:
* қауіпсіз орынға (есіктің ішкі жақтауына немесе бөлменің бұрышына) тығылыңыз;
* құлауы мүмкін ауыр заттардан (құрылыс материалдары немесе жиһаздардан) сақ болыңыз;
* ғимараттан жүгіріп шықпаңыз, дүмпулердің аяқталуын күтіңіз, содан кейін ғана бөлмеден шығыңыз;
• жеделсатыны пайдаланбаңыз;
• ғимараттан шығарда суды, газды, электр қуатын өшіріңіз;
• өзіңізбен бірге қолшам, алғашқы медициналық көмек қобдишасы, құжаттар салынған дабыл чемоданын алыңыз.
Егер сіз далада болсаңыз:
* ғимараттар мен электр желілерінен аулақ тұрыңыз;
* жер сілкінісінен кейін радионы қосып, жер сілкінісінің эпицентрі және одан кейінгі әрекеттер туралы ақпаратты тыңдаңыз.