Облыстық әкімдік отырысында үш мәселе қаралды – балалардың жазғы демалысы, тұтынушылар құқықтарын қорғау жағдайы және халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен елді мекендерді орман өрттерінен қорғау.
2025 жылы балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру туралы ақпаратты ШҚО Білім басқармасының басшысы Инесса Чернышова баяндады.
Жоспар бойынша 99,9% (93 564) оқушы жазғы демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту шараларымен қамтылады, оның ішінде көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың 100% (9 056) қамтылмақ. Жазғы демалыс кезінде 11 қала сыртындағы лагерь (8 мемлекеттік және 3 жекеменшік) 8575 оқушыны қабылдайды; тамақпен қамтамасыз етілген 270 мектеп жанындағы лагерь – 23120 баланы қамтиды; 204 тамақсыз бейінді алаңдарда қосымша білім беру ұйымдары мен аула клубтарында үйірмелер, секциялар, экскурсиялар және басқа да іс-шаралар өткізіліп, 61 869 астам оқушы қамтылады.
Сонымен қатар, балалар Алматы қаласындағы «Бөбек» және Щучинск пен Қонаев қалаларындағы «Балдәурен» ұлттық білім беру және сауықтыру орталықтарында демалады. Жаз мезгілінде 7-8 сынып оқушыларына арналған әскери-спорттық лагерь Самар ауданындағы «Балауса» лагерінің базасында жұмысын жалғастырады.
Жазғы демалыс кезінде «Қонақжай отбасы» жобасы жалғасын табады. Биыл жоба географиясы 3 ауданның 5 елді мекеніне дейін кеңейіп, 62 отбасы тартылады, 140 бала қамтылады. Жоба балаларды қазақ тіліне толық тілдік ортада практикалық үйретуді көздейді.
Тұтынушылар құқықтарын қорғау жағдайы туралы ҚР Сауда және интеграция министрлігі Сауда және тұтынушылар құқықтарын қорғау комитетінің ШҚО бойынша департаментінің басшысы Асхат Сағидолдин баяндады. Ол тұтынушылар құқықтарын қорғау бойынша істер санының жыл сайын артып жатқанын атап өтті.
Тұтынушылардың құқықтары жиі бұзылатын негізгі салалар: бөлшек сауда (шағымдардың 42,3%-ы), электрондық сауда (25,1%), тұрмыстық қызметтер (19,5%), ТҮКШ қызметтері (3,9%). Сонымен қатар, қоғамдық тамақтану, білім беру, денсаулық сақтау, байланыс, қаржы, көлік, туризм салалары бойынша да шағымдар бар.
2024 жылы тұтынушылардың құқықтарын қалпына келтіру сомасы 27 млн теңгеден асты, ал 2025 жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 7 млн теңгеден асты. Сонымен қатар, 197 әкімшілік іс қозғалып, 59 бизнес субъектісіне 1 479 210 теңге көлемінде айыппұл салынды, 138 кәсіпкер ескерту алды.
Сондай-ақ, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елді мекендерді табиғи өрттерден қорғау мәселесі қаралды. Өрт қаупі жоғары маусым басталғанға дейін 179 га аумақта 4 орман өрті тіркелген. Отырыс барысында барлық қажетті өртке қарсы шараларды кезең-кезеңімен іске асыру бойынша «Жол картасын» әзірлеу ұсынылды.
Облыс әкімінің төрағалығымен өткен отырыстың қорытындысы бойынша Мемлекет басшысының 2029 жылға дейін экономиканы екі есеге арттыру және өңірлерге инвестиция тарту жөніндегі тапсырмалары еске салынды. Бұл мақсатта көрші облыстар мен елдердің нарықтары зерттеліп, барлық аудандарда «жол карталары» әзірленген.
«Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы қала және аудан әкімдерінің қызметінің рейтингін түйіндеу тетігін өзгерту жөнінде ұсыныс енгізуі тиіс. Бұл рейтингте KPI көрсеткіштерінің орындалуына басымдық беріледі. Әрбір әкімге 2025 жылға арналған салық түсімдерінің өсімін қамтамасыз ету және төрт нақты жобаны іске асыру бойынша көрсеткіштер белгіленді», – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Отырыс аясында облыс қала және аудан әкімдерімен олардың қызметінің нәтижелерін бағалау бойынша KPI көрсеткіштеріне басымдық берілетін меморандумдарға қол қойылды.
Қаралған барлық мәселелер бойынша облыс әкімі тиісті тапсырмалар берді.