ШҚО-да Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

ШҚО-да Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы басталады

Қазақстанда 2025 жылдың 1 тамызы мен 20 қазаны аралығында аграрлық сектордың жай-күйі туралы өзекті деректерді алуға бағытталған ең ауқымды статистикалық бақылау — Ұлттық ауыл шаруашылығы санағы өтеді. ҚР Стартегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының ШҚО бойынша Департаментінің басшысы Ерназ Нұрланов мәлімдеді.

Санақ Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес өткізіледі және ауыл шаруашылығы жұмыстарының маусымдылығын ескере отырып, Үкіметпен бекітілген. Ол екі кезеңде жүргізіледі:

  • 1–31 тамыз аралығында — респонденттер sanaq.gov.kz порталында санақ парақтарын өз бетінше толтыра алатын онлайн-сауалнама;
  • 20 қыркүйек пен 20 қазан аралығында — онлайн-анкета толтырмаған үй шаруашылықтарына интервьюерлер баратын офлайн-кезең.

Оған дейін, маусым айында, Шығыс Қазақстан облысының бес қаласында алдағы санаққа қатысушылардың тізімін нақтылау мақсатында алдын ала аралау (листинг) жұмыстары өтеді.

Ерназ Нұрлановтың айтуынша, санаққа қатысу — формалдылық емес, елдің ауыл шаруашылығының болашағына қосылатын нақты үлес:

«Барлық азаматтарды санаққа белсенді қатысуға шақырамыз. Бұл жай ғана статистикалық шара емес, бұл — азық-түлік қауіпсіздігі, фермерлерді қолдау және өңірлерді дамыту бойынша шешімдердің негізі. Тек сенімді деректер ғана тиімді мемлекеттік аграрлық саясатты қалыптастыруға мүмкіндік береді»

Санаққа қатысуы тиіс:

  • өсімдік шаруашылығымен, мал шаруашылығымен және балық шаруашылығымен айналысатын заңды тұлғалар, жеке кәсіпкерлер мен фермерлік қожалықтар;
  • жеке қосалқы шаруашылықпен айналысатын, мал ұстайтын, бау-бақшасы не жері бар үй шаруашылықтары.

Облыс бойынша 92 мыңнан астам үй шаруашылығы мен 9,8 мыңға жуық ауыл шаруашылығы өндірушісі қамтылады деп күтілуде. Санақты өткізу үшін өңірде 150-ден астам интервьюер жұмыс істейтін болады.

Азаматтардың ыңғайы үшін ауылдық әкімдіктер мен аудандық статистика бөлімдерінде интернетке қосылған өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары ашылады. Сондай-ақ sanaq.gov.kz сайтындағы Sanaq-Myrza виртуалды көмекшісіне жүгінуге немесе 1446 байланыс орталығына қоңырау шалуға болады.