Өскемендегі А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мұғалімі, профессор, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің майталман ұстазы Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның 80 жылдығына арналған «Аңызға айналған ұстаз» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Тағылымды шараға зиялы қауым өкілдері, ардагер ұстаздың шәкірттері мен туыстары, мектеп оқушылары мен студенттер және кітапхана оқырмандары қатысты. Жиналғандар ұлағатты ұстаздың өмір жолы мен еңбегін баяндаған деректі фильмді тамашалады.
Қанипа Омарғалиқызымен бірге қызметтес әрі қатар жүрген замандастарының бірі – жазушы, публицист Әлібек Қаңтарбаев ұстаз жайлы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті.
– Қанипа екеуміз студенттік шақтан таныспыз. Ол кезде де қазақтың тілі мен әдебиетін, салт-дәстүрін ұлықтауда алдына жан салмайтын. Батылдығы мен шешендігі ерекше еді. Осындай аңыз тұлғаның есімін мәңгілік ету мақсатында қала мектептерінің біріне оның атын беру, тіпті ескерткіш орнату қажет деп санаймын, – деді жазушы.
Кеш барысында шәкірттері де ұстазға деген ыстық ықыластарын білдірді. Ақын Айбек Оралхан Павлодардан арнайы бейнеқұттықтау жолдап, арнау жырын оқыды. С.Аманжолов атындағы ШҚУ профессоры, абайтанушы Айжан Қартаева, «Өрлеу» біліктілікті арттыру институтының кафедра меңгерушісі Жұпар Құрманова, ақын Қуаныш Еркін Қанипа апайдың ерекше сабақ беру әдістері, шығармашылық ізденісі мен қайсар мінезі туралы тебірене айтты. Сондай-ақ, кеш қонақтарына Ұлан аудандық музыка мектебі ұстаздарының өнері тарту етілді.
Қанипа Омарғалиқызының 200-ге тарта ғылыми-әдістемелік мақаласы, 41 кітабы жарық көрген. 2013 жылы «Егіз өрім» педагогикалық эсселер жинағын жазды. Кітаптың алғы сөзін ақын Ж. Әскербекқызы жазып, Б.М. Сапарбаевтың қолдауымен басылып шыққан. Бұл автордың соңғы еңбегі болды. Ұлы ұстаз 2014 жылы 9 қыркүйекте дүниеден өтті.
Қазақ әдебиетін оқытудың тың үлгісін қалыптастырып, жаңашылдығымен көзге түскен, есімі сонау Одақ кезінде саусақпен ғана санарлық педагогтардың қатарында тұрған, әріптестері Алтынсариннің ізбасары деп бағалаған, хан апасы атанған – Қанипа Бітібаеваның қалдырған ізі мәңгілік.