Тәлімді де тағылымды кездесу өтті

Тәлімді де тағылымды кездесу өтті

Мемлекеттік органдар ұжымындағы әдеп жөніндегі уәкіл жұмысының бір бағыты мемлекеттік қызметшілердің өздік білім көтеруіне, кәсіби дағдылары мен икемділіктерін дамытуға ықпал ету. Осы мақсатпен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Өзіңнен баста» ішкі бағдарламасын іске асыру аясында, Ішкі саясат басқармасы қызметкерлерінің облысқа танымал, беделді тұлғалармен «Менің табысымның тарихы» тақырыбында кездесулер ұйымдастыру жоспарланған.

Ағымдағы жылғы 28 мамыр күні ішкі саясат басқармасында осындай бір тәлімді де тағылымды әңгіме өтті. Басқарма қызметкерлері шалғайдағы ауылда, қарапайым отбасында туып өсіп, мемлекеттік қызмет саласының барлық сатыларынан өткен, ұзақ жылдар басшылық лауазымдарда табысты қызмет атқарған, көпке үлгі болып, өңірге танылған, бүгінгі күні облыстық Ардагерлер кеңесінің басшысы болып табылатын Айтқазы Сейітұлы Шерубаевпен кездесті.

Айтқазы Сейітұлы басқарма жастарына өзінің өскен ортасы, балалық шағы, сол кезеңде қазақ мектептерін бітіргендердің жүрегі көп дауалай бермейтін, Қарағандының технологиялық институтына қалай оқуға түскені, студенттік кезеңдері туралы әңгімеледі. Отбасын қалай құрғаны қызмет жолының неден басталғаны, мемлекеттік қызметке қалай келгені туралы қызықты әңгіме өрбітті.

Басқарма жастары қойған сұрақтарға жауап бере отырып, мемлекеттік қызметтің ерекшеліктері, еңбек жолында және өмірде кездесетін қиындықтарды табандылықпен жеңе білу жайындағы өз тәжірибесімен, ой-пікірлерімен бөлісті. Жастарға елге адал қызмет етіп табысқа жету, жоғары лауазымдарды атқарып, ел құрметіне бөлену үшін үнемі ізденісте болып, қиындықтарды мойымай жеңе білу керектігі туралы ақыл-кеңесін берді.

Басқарма қызметкерлері өзінің өмірлік және қызметтік мол тәжірибесімен бөліскен Айтқазы ағаға зор ризашылықтарын білдірді.

М.И.Чамбилов , басқарманың әдеп жөніндегі уәкілі