Облыс орталығында 2 мыңнан астам адам отбасылық жүгіру фестиваліне қатысты

Облыс орталығында 2 мыңнан астам адам отбасылық жүгіру фестиваліне қатысты

Өскемен қаласында спортты, салауатты өмір салтын және отбасылық құндылықтарды дәріптейтін ауқымды шара өтті. KAZZINC FAMILY RUN отбасылық жүгіру фестиваліне 2 мыңнан астам адам қатысты.

Фестивальді Minimarathon.kz жүгіру жобасы ұйымдастырса, бас демеуші - «Казцинк» компаниясы болды.

Шараның басты ерекшелігі - оның барлық жастағы қатысушыларға арналғандығында. Фестиваль бағдарламасына балаларға, ересектерге, параспортшылар мен ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға арналған түрлі қашықтықтар енгізілді. Кейбір жүгіру бағыттары жарыстан тыс форматта ұйымдастырылып, қатысушыларға спорттық нәтижеден бұрын белсенді демалыс пен көтеріңкі көңіл-күй сыйлауға басымдық берілді.

Фестивальге Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов та қатысып, 4,2 шақырымдық қашықтықты жүгіріп өтті.

Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар бірнеше жас санаты бойынша анықталды. Мәреге жеткен әр қатысушыға естелік медаль табысталса, жүлдегерлер арнайы медальдармен, дипломдармен және сыйлықтармен марапатталды.