
Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автомобиль жолындағы орташа жөндеу жұмыстары аяқталу кезеңіне шықты. Өңірді Ресей Федерациясымен байланыстыратын автожолдың жалпы ұзындығы 121 шақырымды құрайды.
Автожолды ауқымды жаңарту жұмыстары 2025 жылы басталды. Былтыр ұзындығы 30 шақырым болатын учаскеде жөндеу толық аяқталып, жол пайдалануға берілді. Биыл қалған 91 шақырым жөндеумен қамтылды. Жұмыстарды тиімді ұйымдастыру үшін бұл аралық үш нысанға бөлінген.
Бірінші нысанда — 1089–1115 және 1159–1162 шақырым аралығында — құрылыс-монтаж жұмыстары толық аяқталды.
Екінші нысанда — 1175–1191 және 1194–1212 шақырым аралығында — асфальтбетон жабыны толығымен төселді. Қазіргі уақытта жол жиектерін жайластыру жұмыстары жүргізілуде. Бұл учаскені биылғы тамыз айының соңына дейін тапсыру жоспарланған.
Үшінші нысанда — 1145–1159 және 1162–1175 шақырым аралығында — асфальтбетон төсеу жұмыстары қарқынды жалғасуда. Бұл екі жылға жоспарланған өтпелі нысан болғанымен, мердігер барлық жұмысты биылғы жылдың соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр.
Нысандардағы бас мердігер — «ОблШығысЖол» ЖШС.
Бекітілген жобаға сәйкес, жөндеу технологиясы қолданыстағы жол төсемін суық ресайклинг әдісімен қалпына келтіріп, кейін екі қабат асфальтбетон төсеуді көздейді. Сонымен қатар төрт су өткізу құбырын орнату, жол жиектерін нығайту және жол таңбаларын салу қарастырылған.
Атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына ерекше көңіл бөлінеді. Жөндеудің барлық кезеңі техникалық қадағалау қызметі мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандарының тұрақты бақылауында.
Нысандар ресми түрде пайдалануға берілгеннен кейін жөнделген учаскелерге 5 жылдық кепілдік беріледі. Осы мерзім ішінде анықталған ақауларды мердігер ұйым өз қаражаты есебінен жоюға міндетті.
Осылайша, жұмыстар толық аяқталғаннан кейін «Өскемен – Шемонаиха – РФ шекарасы» автожолының 121 шақырымы толығымен жаңартылады: оның 30 шақырымы 2025 жылы жөнделіп, пайдалануға берілсе, қалған 91 шақырымы биыл жөндеумен қамтылды.