Мерекелік жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысып, журналистерді кәсіби мерекелерімен құттықтады. Ол бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қоғамды шынайы ақпаратпен қамтамасыз етуге, өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен насихаттауға және өзекті мәселелерді көтеруге қосып жүрген үлесін ерекше атап өтті.
Салтанатты шара барысында БАҚ саласының үздік өкілдері мемлекеттік және ведомстволық наградалармен марапатталды. Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес журналистика ардагері Айтмұхамбет Қасымов «Құрмет» орденімен, «Хабар» агенттігінің телеоператоры Дмитрий Пыхтин «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Сондай-ақ бірқатар журналистерге Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері» және «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттар мен облыс әкімінің сыйлықтары табысталды.
Салтанатты шара барысында екі БАҚ өкіліне жаңа пәтердің кілті тапсырылды. «Qazaqstan» телеарнасының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Олжас Керейханға үш бөлмелі, ал «ALTAI-NEWS» медиаорталығының журналисі Айдос Мырзахметовке екі бөлмелі пәтер берілді.
Сонымен қатар «ALTAI» телеарнасына, «ALTAI-NEWS» медиаорталығына және Шығыс Қазақстан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне жаңа автокөліктердің кілті табысталды.
Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.