
Облыс әкімдігінде облыс әкімі аппаратының, туризм, ішкі саясат, экономика және бюджеттік жоспарлау, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармаларының мемлекеттік қызметшілеріне арналған деструктивті діни ағымдардың қызметіне тартылудың алдын алу тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Іс-шараның негізгі мақсаты –мемлекеттік қызметшілердің деструктивті діни идеологиялардың таралуына байланысты қазіргі қауіптер туралы хабардарлығын арттыру, олардың теріс ықпалына төзімділігін қалыптастыру, мемлекеттік қызметте зайырлылық, заңдылық және кәсіби әдеп қағидаттарын нығайту.
Семинар барысында мемлекеттік қызметшілердің «ҚР мемлекеттік қызметшілерінің әдеп кодексі» нормаларын қатаң сақтауының маңызы атап өтілді. Сондай-ақ Конституциялық қағидаттар мен ел заңнамасына қайшы келетін мақсаттарды көздейтін ұйымдар мен бірлестіктердің қызметіне қатысуға жол бермеу қажеттігі айтылды.
Семинарға қатысушыларға Қазақстан Республикасының діни қызмет саласындағы заңнама талаптары, діни қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері, азаматтардың деструктивті діни ағымдар мен ұйымдардың қызметіне тартылуының алдын алу шаралары түсіндірілді.
Семинар жұмысына Дін істері басқармасы Дін мәселелерін зерттеу орталығының теолог маманы Назарбеков Р.Т. қатысып, деструктивті діни идеяларды таратудың заманауи тәсілдері мен әдістері, тұлғаның радикалдану белгілері, ықтимал қауіптерді анықтау жолдары, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу шаралары туралы мазмұнды баяндама жасады.
Сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік мәселелеріне, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілер арқылы таралатын ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауға, мемлекеттік қызметшілердің қоғамдық келісімді, конфессияаралық татулық пен қоғамдағы тұрақтылықты нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды.
Іс-шара соңында пікір алмасу ұйымдастырылып, қатысушылар деструктивті діни ағымдардың алдын алу мәселелері бойынша өзекті сұрақтарын қойып, мамандардан жан-жақты жауап алды.
Осындай профилактикалық іс-шараларды өткізу мемлекеттік қызметшілердің құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға, адалдық пен жауапкершілік қағидаттарын нығайтуға, өңірдегі қоғамдық тұрақтылық пен конфессияаралық келісімді сақтауға ықпал етеді.