«Таза су айдындары» акциясы: ШҚО-да өзен-көлдерден 41 тонна қоқыс сүзілді

«Таза су айдындары» акциясы: ШҚО-да өзен-көлдерден 41 тонна қоқыс сүзілді

Шығыс Қазақстан облысында балық ресурстарын сақтау және су айдындарын тазарту мақсатында ұйымдастырылған «Таза су айдындары» жыл сайынғы табиғатты қорғау акциясы қорытындыланды.

Бір айға созылған экологиялық шараға Шығыс Қазақстан облысымен қатар Абай және Павлодар облыстары да қатысты. Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мәліметінше, акция барысында 457 адам мен 157 техника жұмылдырылған. Зайсан-Ертіс бассейнінің жағалау аумақтарынан 41 тоннадан астам қоқыс жиналды.

Сондай-ақ су айдындарынан 450 иесіз ау шығарылып, жойылды. Тазарту жұмыстарына балық шаруашылығы субъектілері мен еріктілер белсенді қатысқан.

Акция аясында мектеп оқушыларымен, колледж студенттерімен және жергілікті тұрғындармен кездесулер өткізіліп, су айдындарын қорғау мен табиғатты сақтаудың маңыздылығы түсіндірілді.

Инспекция өкілдерінің айтуынша, бүгінде Шығыс Қазақстанда балық шаруашылығы саласы дамып келеді. 2030 жылға қарай өңірде тауарлы балық өндіру көлемін 9,5 мың тоннадан асыру жоспарланған.

Биыл бұл көрсеткіш 3746 тоннаны құрайды, оның 1100 тоннасы қазірдің өзінде өндірілген. Қазіргі уақытта өңірде үш форель шаруашылығы жұмыс істейді. Сонымен қатар Бұқтырма су қоймасының таулы бөліктерінде жаңа торлы желілер салынуда.

Бұдан бөлек, көл және тоған шаруашылықтары тұқы тұқымдас балықтарды өсірумен айналысса, қуаттылығы 45 тонна болатын бассейндік шаруашылықта бекіре тұқымдас балықтар өсірілуде.