Қаламгерге құрмет: Өскеменде Жұмаділ Әділбаевтың 80 жас мерейтойына арналған тағылымды кеш өтті

Қаламгерге құрмет: Өскеменде Жұмаділ Әділбаевтың 80 жас мерейтойына арналған тағылымды кеш өтті


Шығыс Қазақстан өңірінде белгілі қаламгер, білікті басшы, ұлағатты тәлімгер Жұмаділ Әділбайұлының 80 жылдық мерейтойына арналған шығармашылық кеш жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Салтанатты шараға зиялы қауым өкілдері, әріптестері, шәкірттері мен өңір жұртшылығы қатысып, мерейтой иесіне деген құрметін білдірді.

Кеш басталмас бұрын қонақтар салтанатты түрде қарсы алынып, арнайы әзірленген бейнематериалдар ұсынылды. Жиын барысында мерейтой иесінің өмір жолы мен шығармашылық белестерін қамтыған бейнефильм көрсетіліп, көпшілікке ардагер қаламгердің журналистика саласындағы қырық жылдан аса өлшеусіз еңбегі кеңінен таныстырылды.

Іс-шара барысында жүргізушілер Жұмаділ Әділбайұлының кәсіби жолына ерекше тоқталып, оның Шығыс Қазақстан облыстық «DIDAR» (бұрынғы «Коммунизм туы») газетінде қырық жылдан астам еңбек етіп, соның жиырма жылында басшылық қызмет атқарғанын атап өттті. Сондай-ақ, ағаның «Қазақстанның Құрметті журналисі», «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері» атақтарының иегері екені де айтылды.

Салтанатты жиында облыс басшылығының атынан сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев мерейтой иесінің ел дамуына сіңірген еңбегін жоғары бағалап, аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Жұмаділ Әділбайұлына жолдаған ізгі тілегін жиналғандар алдында оқып берді. Облыс әкімінің құттықтауында мерейтой иесінің ақпарат саласындағы кәсіби шеберлігі мен азаматтық ұстанымы кейінгі буынға үлгі екені айтылған.

– Құрметті Жұмәділ Әділбайұлы! Сізді 80 жас мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймын!

Сексен жас – саналы ғұмырдың салмағы, сара жолдың айғағы. Сіздің әрбір туындыңыз – уақыттың үні, халықтың мұңы мен қуанышын қатар өрген шынайы шежіре. Сөзге адалдық пен елге қызмет етудің жарқын үлгісін көрсеткен өнегелі жолыңыз – кейінгі буынға шамшырақ. Қалам – киелі. Сіз сол киелі өнерге адал болып, ғұмырыңызды сөзге, ұлт руханиятына арнадыңыз. Еңбегіңіз – ел жадында, есіміңіз – құрмет төрінде.

Сіз еңбек жолыңызды Шығыс Қазақстан облыстық «Коммунизм туы», қазіргі «DIDAR» газетінде бастап, өңірдегі идеологиялық жұмыстарға жетекшілік етіп, ақпарат кеңістігінің қалыптасуына сүбелі үлес қостыңыз. Алтай өңірінің бас басылымы – «DIDAR» газетін жиырма жылдан астам уақыт басқарып, оның дамуы мен өркендеуіне аянбай еңбек сіңірдіңіз.

Басылымның беделін биіктетіп, ұжымның мерейін асырдыңыз. Сіздің кәсіби жолыңыз тек журналистік қызметпен ғана шектелмей, тұтас бір мектеп қалыптастырған ұстаздық еңбегіңізбен де құнды. Сіз тәрбиелеген талай жас тілші бүгінде ел игілігі жолында қызмет етіп жүр. Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалындағы басшылық қызметіңіз арқылы да саладағы сабақтастықтың сақталуына, жаңа буынның қалыптасуына зор үлес қостыңыз.

Сіз салған сара жолды бүгінде ізбасарларыңыз лайықты жалғастырып келеді. Ақпараттың маңызы артқан заманда отандық медианың дамуына қосқан үлесіңіз айрықша бағаланатыны сөзсіз.

Ардақты аға! Сізге зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық амандық тілейміз! Қаламыңыз мұқалмай, шығармашылық шабытпен әлі де талай сүбелі дүниелеріңізбен қалың оқырманды қуанта беруіңізге тілектеспіз. Әрдайым елдің алғысына, әріптестердің құрметіне, шәкірттердің ризашылығына бөлене беріңіз! – делінген облыс әкімінің құттықтау хатында.

Ербол Жолдаспекұлы Нұрымбет Аманұлының құттықтауын жеткізуімен қатар Жұмаділ Әділбайұлына аймақ басшысының шапанын да кигізіп, сый-құрметін табыс етті.

Мерейтойлық шара барысында «ALTAI-NEWS» медиа-орталығының бас директоры Арсений Дүйсенов кеш иесінің өңірлік журналистиканың дамуына қосқан зор үлесін атап өтіп, бұл кештің аға буынға деген құрметтің айқын көрінісі екенін жеткізді.

– Жиырма жылдан астам уақыт Алтайдың бас үнпарағы – «DIDAR» газетін басқарып, оны өркендету жолында аянбай тер төктіңіз. Қарт басылымның өсіп-жетіле түсуіне бүкіл күш-жігеріңізді жұмсап, редакцияның мүддесін биік ұстап, ұжымның беделін бейнетқорлықпен өрге сүйредіңіз.

Сіздің кәсіби жолыңыз – журналистік қызметпен ғана емес, тұтас бір мектеп қалыптастырған ұлағатты ұстаздық еңбегіңізбен де құнды. Сіз талай жас тілшілердің қанатын қатайтып, журналистикаға деген жанашырлық пен жауапкершіліктің үлгісін үйреттіңіз.

Қазақстан Журналистер одағының облыстық филиалындағы басшылық қызметіңіз арқылы да саладағы ізгі дәстүрлердің үзілмеуіне, кәсіби мектептің жалғасуына және жаңа буынның қалыптасуына елеулі еңбек сіңіргеніңіз көпке мәлім.

Осыдан 95 жыл бұрын алғашқы саны «Жұмысшы» атауымен жарық көрген, белгілі ақын-жазушылардың қолтаңбасы қалған танымал газетті бүгінде ізбасарларыңыз заман талабына сай шығарып келеді. Қазіргі «дидарлықтар» мемлекет саясатын, өңірдің тыныс-тіршілігін кеңінен қамтып, қалың бұқараның мәселелерін бүкпесіз көтеріп жүр. Соның арқасында оқырманның ыстық ықыласына бөленуде. Мұның өзі ең алдымен өзіңіздей ардагер-журналистер салған сара жолдың жемісті жалғасы екені даусыз. Ақпараттың маңызы арта түскен бүгінгідей заманда басылымның отандық медиакеңістіктегі орны қашанда көш ілгері боларына сенімдіміз.

Ардақты аға! Қаламыңыз қолыңыздан түспей, әлі де сүбелі еңбектеріңізбен қалың оқырманды қуанта беруіңізге тілектеспіз! Ғұмыр жасыңыз ұзақ, деніңіз сау, әулетіңіз аман, шаңырағыңыз берекелі де мерекелі болсын! Әрдайым елдің алғысына, әріптестердің ілтипатына, шәкірттердің шынайы ризашылығына бөленіп жүре беріңіз! Сіздің есіл еңбегіңізге бас иіп, зор алғысымызды білдіреміз! – деді Арсений Кеңесұлы.

Сонымен қатар, кеш барысында ардагер журналистер мен қоғам өкілдері сөз алып, мерейтой иесімен бірге өткен жылдарды еске алып, оның адами және кәсіби қасиеттеріне ерекше тоқталды. Олардың қатарында облыстың дамуына еңбек сіңірген мемлекеттік қызмет ардагерлері Тиас Түсіпов, Алдияр Әубәкіров, Уәлихан Тоқпатаев, Ольга Кузовлевалар сөз алып, аймаққа үлгілі отбасының бірге істеген жылдарынан әдемі естеліктерімен бөлісті.

Солардың бірі – жазушы, ғалым, ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов өз естеліктерімен бөлісіп, аға буын әріптесінің шыншылдығы мен табандылығын ерекше атап өтті.

Журналистің ұстаздық қыры да назардан тыс қалмады. Оның облыстағы бас басылымды шығарып отырған Айжанат Бақытқызы бастаған шәкірттері де ұстазының кәсіби жолын жалғастырудың үлкен жауапкершілік екенін айтып, жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

Кеш барысында мерейтой иесі Жұмаділ аға мен өмірлік серігі Әсия Төлахмет қызына медиа-холдинг атынан құрмет көрсетіліп, қазақтың дәстүріне сай мерейтой иесіне шапан жабылып, алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Бұл – оның сан жылдық еңбегіне көрсетілген зор құрметтің белгісі болды.

Кештің көркін белгілі «Ән-Салдар» тобы музыкалық нөмірлерімен әрлеп, қонақтарға ерекше әсер сыйлады. Өнер мен тағылым ұштасқан бұл басқосу тек мерейтой ғана емес, ұрпақтар сабақтастығы мен рухани байланыстың көрінісіне айналды.

Шара соңында сөз алған Жұмаділ Әділбайұлы жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, ақжарма алғысын жеткізді.

Тағылымды кеш соңында қатысушылар естелік суретке түсіп, мерейтой иесіне деген ыстық ықыласын тағы бір мәрте білдірді.

Шығыстың төрінде өткен бұл кеш – бір адамның ғана емес, тұтас бір дәуірдің, қазақ журналистикасының қалыптасу жолына тағзым еткен тағылымды шара ретінде есте қалды.