
Нұрымбет Сақтағанов Президентке өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы және тұрақты өсімін қамтамасыз ету бойынша іске асырылып жатқан шаралар туралы баяндады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста оң динамика сақталды. Инвестиция, құрылыс, ауыл шаруашылығы және сауда салаларында өсім қамтамасыз етілген. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 838 млрд теңгеден асты. Құрылыс жұмыстарының көлемі шамамен 460 млрд теңге, ауыл шаруашылығы – 554,6 млрд теңге, сауда – 2 465,7 млрд теңгені құрады. Облыстың жалпы инвестициялық портфелінде 101 жоба бар.
407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталып, 29 мың жұмыс орны құрылды.
2026 жылы Өңірлік жұмыспен қамту картасы аясында 17 440 жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша 3 317 жұмыс орны құрылды.
ШҚО әкімі Президентке өңірдің әлеуметтік саласында аз қамтылғандар мен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санының азайғанын мәлімдеді.
Нұрымбет Сақтағановтың айтуынша, жұмыспен қамту, қоныс аудару және ауылдарды дамыту бағдарламаларын, оның ішінде «Шығыс шақырады» өңірлік жобасын іске асыру жалғасуда.
Шығыс Қазақстанда инфрақұрылымды дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Өткен жылы 900 шақырымнан астам жолдар мен көшелерді жөндеу қолға алынып, оның 856 шақырымында жұмыстар аяқталды.
Кездесу соңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өңірдегі экологиялық ахуалды жақсарту және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.