ШҚО-да жастарға құсбегіліктің қыр-сыры үйретілді

ШҚО-да жастарға құсбегіліктің қыр-сыры үйретілді

Шығыс Қазақстан облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында студенттер мен оқушыларға арналған «Ұлттық құндылықтар – ұлт болашағының негізі» атты кездесу өтті.

Жиын барысында жастар алдында құсбегілік өнерінің жаттықтырушысы Архат Хамитжанов сөз сөйлеп, жыртқыш құстардың патшасы саналатын бүркіт туралы кеңінен әңгімеледі. Ол бүркіттің табиғаттағы тіршілігі мен адаммен байланысы жайында айтып, оның ерекше қасиеттеріне тоқталды.

Сонымен қатар, қонақ көне дәстүр – құсбегілік өнерінің қыр-сырын бөлісіп, бүркітті баптау, қолға үйрету, жаттықтыру және аңшылыққа дайындау жолдарын түсіндірді.

Кездесудің басты мақсаты – жас ұрпақтың ата-баба мұрасына деген қызығушылығын арттыру.

Кітапхана өкілдерінің айтуынша, мұндай шаралар тек кітап оқуға мүмкіндік беріп қана қоймай, оқырманның таным көкжиегін кеңейтеді. Осыған орай, «Қыран мен тазы: тарих және тағылым» атты көрме ұйымдастырылып, онда бүркіт, қазақы тазы мен төбет, сондай-ақ аңшылық дәстүрге қатысты әдебиеттер топтастырылды. Бұл көрме арқылы ұлттық мәдениеттің әрбір қыры терең білім мен тарихқа негізделгенін көруге болады.

Кездесудің көркін ШҚО садақ ату федерациясының президенті Ажар Төлеуханованың сөзі аша түсті. Ол садақ атудың ерекшеліктері мен қыр-сырын таныстырып өтті.

Шара барысында 10-сынып оқушысы Аман Темірбек ерекше өнерімен көзге түсті. Ол өз бетінше меңгерген көмеймен ән айту шеберлігін көрсетіп, бірнеше туынды орындады. Жас өнерпаздың өнері көрермендерге ерекше әсер сыйлап, кештің шырайын аша түсті.