Нұрымбет Сақтағанов ШҚО әкімі болып тағайындалған 1 жылдың ішінде өңірде қандай өзгеріс бар?

Нұрымбет Сақтағанов ШҚО әкімі болып тағайындалған 1 жылдың ішінде өңірде қандай өзгеріс бар?

Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың бұл қызметке тағайындалғанына бүгін тура бір жыл толып отыр. Осы уақыт ішінде аймақта қандай жұмыстар атқарылды, нендей нәтижелерге қол жеткізілді? Соның біршамасына көз жүгіртіп шықсақ.

Өңірдегі әлеуметтік-экономикалық дамудың негізгі көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. Соңғы бір жылда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 5,2%-ға, құрылыс жұмыстары 9,3%-ға, ауыл шаруашылығы өнімдері 2%-ға, сауда көлемі 8,5%-ға артты. 407 мың шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді.

Орташа айлық жалақы 9,5%-ға өсті. Жұмыссыздық деңгейі 4,6% деңгейінде сақталып, жалпы саны 29 мың жұмыс орны құрылды, оның 22 мыңы – тұрақты жұмыстар.

2025 жылы жалпыұлттық пул аясында жалпы құны 60,4 млрд теңгені құрайтын 8 жоба аяқталды. Олардың қатарында 11 млрд теңгеге салынған «Maxi Mall» көпфункционалды кешені, жылына 168 мың тонна өнім өндіретін «Altai mai» ЖШС-ның май өңдеу зауыты, «Ertis Bereke Oskemen» ЖШС-нің жаңбырлатқыш машиналар өндірісі бар.

Бір жылдың ішінде республикалық және жергілікті маңызы бар 856 шақырым жол жөнделді. «Омбы – Майқапшағай», «Өскемен – Талдықорған», «Өскемен – Семей» бағыттарындағы республикалық жолдарда жөндеу жұмыстары толық аяқталды. Өткен жылы Зайсан мен Катонқарағайда жаңа заманауи әуежайлардың құрылысы басталды. Биыл олар пайдалануға беріледі жоспарланып отыр.

Облыс ауылдарында 36 медициналық нысан салынды. Оның ішінде Алтай, Зайсан, Глубокое, Тарбағатай, Күршім, Катонқарағай, Үлкен Нарын, Ұлан және Шемонаиха аудандарында 27 медициналық пункт, Алтай, Глубокое және Шемонаиха аудандарында 7 дәрігерлік амбулатория, Зайсан және Глубокое аудандарында 2 фельдшерлік-акушерлік пункт бой көтерді. Ұлан ауданында бір ауысымда 150 адамды қабылдайтын заманауи аудандық емхана, Риддер қаласында аурухана кешені және Өскемен қаласының Ахмер ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды.

Облыс орталығында Ана мен бала орталығы мен Гематология орталығын біріктіретін заманауи медициналық кластер қалыптасуда. Кейін оның құрамына 300 орындық көпсалалы аурухана қосылады. Бұл жоба аймақ тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасы мен тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік бермек.

Нұрымбет Сақтағанов мәдениет пен спорт саласын дамытуға да ерекше басымдық беріп келеді. Өткен жылы өңірде «Алтай – Түркі әлемінің алтын бесігі» халықаралық музыкалық фестивалі, «Шығыс Салбурыны – 2025» бүркітшілер фестивалі, «Ғасырлық дәстүрлер» кілем тоқу фестивалі, «Шығыс креатив хаб» креативті индустриялар форумы, «Алтай – алтын бесігім» айтысы секілді ауқымды шаралар өтті.

Бір жылдың ішінде 3,6 мыңнан астам спорттық шара ұйымдастырылып, өңір спортшылары облыстық, республикалық және халықаралық жарыстарда 6 мыңға жуық медаль жеңіп алды.

Ұлан, Тарбағатай және Катонқарағай аудандарында үш дене шынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілді. Зайсан ауданының Айнабұлақ ауылында спорттық модуль іске қосылып, Тарбағатай ауданының Ақжар ауылындағы орталық стадион қайта жаңғыртылды.

Өскемен қаласында Қытай нарығына шығуға арналған өнімдерді сертификаттайтын зертхана ашылды. Оның зерттеу нәтижелері әлемнің 112 елінде мойындалады. Зертхананың іске қосылуы экспортқа өнім дайындау процесін айтарлықтай жеңілдетіп, уақыт пен қаржы шығындарын қысқартуға мүмкіндік берді. Бұл қазақстандық тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, Қытаймен сауда-экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға және шикізаттық емес экспорт көлемін ұлғайтуға жол ашты.

Сондай-ақ Шығыс Қазақстан әкімі халықаралық ынтымақтастықты нығайту бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Бір жылдың ішінде шетелдік инвесторлармен 80 кездесу ұйымдастырылды. Оның ішінде Қытай, Корея, Швеция, АҚШ, Франция, Түркия, Германия, Бельгия, Армения, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Беларусь, Эстония және Ресей Федерациясының дипломатиялық миссияларының өкілдерімен кездесулер өтті. Бұл сапарлар сыртқы экономикалық байланыстарды кеңейтуге және жаңа инвестициялық келісімдерге жол ашты.

2025 жылғы 9 шілдеде дипломатиялық миссиялар қатысқан халықаралық форум өтіп, инвестициялық және іскерлік диалогты дамыту мәселелері талқыланды. Ал 26 қыркүйекте өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстыруға және бизнес пен мемлекеттік құрылымдар арасындағы тікелей байланысты нығайтуға арналған «Altai Invest – 2025» халықаралық инвестициялық форумы ұйымдастырылды. Осы шаралардың нәтижесінде 67 меморандум мен келісімге қол қойылды. Атап айтқанда:
- жалпы сомасы 798,6 млрд теңгені құрайтын 40 коммерциялық келісім;
- шетелдік серіктестермен 27 өңіраралық ынтымақтастық туралы меморандум.

Қол қойылған құжаттар өнеркәсіп, энергетика, агроөнеркәсіптік кешен, көлік және логистика, туризм, білім мен ғылым салаларын қамтиды.

Бұл облыста атқарылған жұмыстардың бір парасы. Алдағы уақытта әлі де талай игі бастамалар қолға алынбақ.