Өскеменде «Vipusknik.kz – 2026» білім беру көрмесі өз жұмысын бастады

Өскеменде «Vipusknik.kz – 2026» білім беру көрмесі өз жұмысын бастады

Бүгін Шығыс Қазақстан облысының орталығы – Өскемен қаласында «Vipusknik.kz – 2026» республикалық білім беру көрмесінің салтанатты ашылуы өтті.

Біздің портал жеті жылдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келеді және еліміздегі талапкерлерге бағытталған. Жыл сайын 800 мыңнан астам адам портал арқылы болашақ мамандығын, университеттер мен колледждерді іздейді. Бұл бастама Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі мен облыстық білім басқармасының қолдауына ие болды. Көрмеге 18 білім беру ұйымы қатысып отыр, – деді «Vipusknik.kz – 2026» республикалық білім беру порталының жетекшісі Светлана Бейсенбаева.

Көрмеде Астана, Алматы, Қарағанды, Байқоңыр, Семей және Өскемен қалаларынан келген жоғары оқу орындары, колледждер мен білім беру орталықтары өз мүмкіндіктерін таныстырды. Көрме 9–10 ақпан күндері сағат 10:00-ден 17:00-ге дейін жұмыс істейді.

Өткен жылы біздің университетке Шығыс Қазақстан облысынан 124 талапкер оқуға түсті. Жалпы студенттер контингенті 1800 адамды құрайды, бұл да жақсы көрсеткіш деп есептеймін. Бізді бұл көрмеге екінші жыл қатарынан шақырып отыр. Ұйымдастыру деңгейі мен талапкерлердің елордаға және университетімізге деген қызығушылығы бізді толық қанағаттандырады, сондықтан алдағы уақытта да тұрақты қатысамыз деп ойлаймын, – деді «Тұран Астана» университеті қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Сәуле Шынтаева.

Көрмеге қала мектептерінің 9–11 сынып оқушылары шақырылды. Ал аудан мектептері үшін Zoom платформасы арқылы онлайн формат ұйымдастырылған. Қатысушылар өз білім беру бағдарламаларын таныстырып, презентациялар өткізіп, жеке кеңестер береді.

Мен ұшқыш болуды армандаймын, және дәл осы көрмеде авиация академиясы ұсынылды. Мен олардың өкілдеріне барып, талаптар, ең төменгі өту балы және IELTS деңгейі туралы толық мәлімет алдым. Маған барлық сұрақтарым бойынша жан-жақты ақпарат берілді, – деп Өскемен қаласындағы №47 мектептің оқушысы Елдар Еркін пікір білдірді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, бұл алаң болашақ студенттер мен білім беру ұйымдары арасында тікелей диалог орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, оқушыларға саналы түрде болашақ оқу бағытын таңдауға қажетті нақты әрі жүйелі ақпарат ұсынылады. Талапкерлер білім беру бағдарламаларымен, қабылдау шарттарымен, оқу үдерісінің ерекшеліктерімен және жұмысқа орналасу мүмкіндіктерімен таныса алады.