Үлбі металлургия зауытының жастарына нашақорлықтан қорғану жолдары түсіндірілді

Үлбі металлургия зауытының жастарына нашақорлықтан қорғану жолдары түсіндірілді

«Үлбі металлургия зауыты» АҚ базасында «Заң және жастар» тақырыбында диалог алаңы өтті. Кездесу барысында қатысушылар жас ұрпақ үшін аса өзекті мәселелерді талқылап, есірткінің жастардың тағдырын қалай күйрететініне ерекше назар аударды.

Спикерлер ретінде Полиция департаментінің, Экономикалық тергеп-тексеру қызметінің және облыстық прокуратураның өкілдері сөз сөйледі. Олар еңбек жолын енді бастап жатқан жас жұмысшыларға есірткі саудагерлерінің арбауына түсіп қалмау, «жеңіл ақшаға» қызықпау және өмірдің ең жарқын жылдарын темір тордың ар жағында өткізбеу жолдарын түсіндірді.

Кездесу еркін форматта өтті: зауыттың жас қызметкерлері белсенді түрде сұрақтар қойып, өз ой-пікірлерімен бөлісті.

— Бүгінгі кездесудің басты мақсаты — нашақорлықтың алдын алу және жастар ортасында есірткі бизнесінің дамуына жол бермеу. Бұған дейін де ірі кәсіпорындарда осындай кездесулер өткіздік. Сонымен қатар интернет-алаяқтыққа қарсы күрес бойынша жүйелі түрде дәрістер оқып келеміз. Профилактикалық шаралар өз нәтижесін беруде. Мәселен, өткен жылы облыс аумағында 600-ден астам іс-шара өткізілді: ашық диалог алаңдары мен акциялардан бастап, спорттық жарыстар мен рейдтерге дейін, — деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі Мәди Қалиақпаров.

Мамандардың айтуынша, есірткі қылмысына тартылатын жастардың саны жыл сайын артып келеді. Оның басты себебі — тез әрі оңай ақша табуға ұмтылу. Алайда жастар көбіне өз өмірі мен жақындары үшін қандай салдар болатынын ойлай бермейді. Мысал ретінде жуырда Өскемен қаласында ұсталған 20 жастағы қыздың ісі келтірілді. Ол есірткіні байланыссыз жолмен таратып («закладка» жасау арқылы) айналысқан.

Ел бойынша статистикалық деректерге сүйенсек, есірткі таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылатын азаматтардың орташа жасы 16 мен 25–30 жас аралығында. Заң мұндай қылмысқа ешқандай кешірім қарастырмайды: кінәлілерге кемінде жеті жыл және одан да көп мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төнеді. Түрмеден кейін олардың өмірі қалай өрбитіні беймәлім. Сондықтан біз алдын алу жұмыстарын дәл қазір жүргізіп отырмыз — ертең кеш болуы мүмкін, — деп қосты Мәди Маратұлы.

Диалог барысында зауыт жастары Шығыс Қазақстан облысы прокуратурасы басқармасының аға прокуроры Анар Бектұрғанова мен Экономикалық тергеп-тексеру департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Жандос Мұзтауовтың дәрістерін де тыңдады.

Спикерлер қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, құқықбұзушылықтың алдын алу және заңға бағыну мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы сияқты өзекті тақырыптарды қозғады. Сондай-ақ цифрлық қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін жауапкершілікке ерекше көңіл бөлінді.

Сарапшылар тәжірибеден алынған нақты мысалдарды келтіріп, азаматтардың құқықтарын қорғаудың заманауи тетіктері туралы айтып, қойылған барлық сұрақтарға жауап берді.

— «Заң және жастар» іс-шарасы біз үшін өте пайдалы болды. Құқықтық тұрғыдан сауатты жастар әрдайым өзіне сенімді, жауапкершілігі жоғары болады және бейтаныс адамдардың арандатуына немесе күмәнді ұсыныстарына ермейді. Мұндай кездесулер жастар мен қоғам арасындағы ашық диалогты нығайтып, құқықтық мәдениетімізді арттырады, — деп пікір білдірді «ҮМЗ» АҚ бериллий өндірісінің инженер-технологы Олжас Райымханов.

Кездесу соңында зауыт қызметкерлері жастар мен мемлекеттік органдар арасындағы өзара іс-қимылды жақсарту жөнінде бірқатар ұсыныстарын айтты.