
Облыстық прокуратураның бастамасымен Риддер қаласында «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Құқықтық десант» өңірлік алдын алу акциясының басталуына орай ведомствоаралық арнайы жиын өтті.
Іс-шараға Шығыс Қазақстан облысы прокурорының бірінші орынбасары
Е. Бұланбаев, полиция департаментінің өкілдері, ішкі саясат басқармасының басшысы А. Садырбаев қатысты.
Олар қаладағы азаматтық қоғам өкілдеріне, мемлекеттік органдар басшыларына, ҮЕҰ белсенділеріне, қоғамдық кеңес мүшелері мен волонтерлерге аталған қағидаттың негізгі басымдықтары жөнінде ақпарат берді.
2025 жылғы 1-4 желтоқсан аралығында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізіледі. Оның аясында: алаяқтық, тұрмыстық зорлық-зомбылық және жалпы қылмыстың алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстары, сауда үйлері мен халық көп жиналатын орындарда қоғамдық қабылдау ұйымдастыру, әлеуметтік осал топтағы азаматтардың (зейнеткерлер, мүмкіндігі шектеулі жандар) үйлеріне барып, қауіпсіздік брошюраларын тарату, колледждер мен мектептерде оқушылар және ата-аналармен кездесулер, жасөспірімдерге арналған дәрістер өткізу, ірі кәсіпорындарда еңбек ұжымдарымен профилактикалық диалог алаңдары, интернет-алаяқтықтың, автокөлік ұрлығының және жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша ақпараттық материалдар тарату, «Жол-көлік профилактикасы» акциясын өткізу, есепте тұрған азаматтарды тұрғылықты мекенжайы бойынша аралау, алкоголь өнімдерін саудалау тәртібін заң талаптарына сәйкес тексеру жоспарланған.
Барлық ақпараттық материалдар бұқаралық ақпарат құралдары арқылы кеңінен жарияланып, әлеуметтік желілерде орналастырылады.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, жоспарлы, жүйелі және тұрақты профилактикалық жұмыс заң мен тәртіпті қамтамасыз етуге елеулі үлес қосады.