Үлкен Нарын халқымен кездесу: Болашақ пен технология жайлы сөз қозғалды

Үлкен Нарын халқымен кездесу: Болашақ пен технология жайлы сөз қозғалды
Бүгін ҚР Президентінің Кеңесшісі Мәлік Отарбаев Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары барысында Үлкен Нарын ауданының тұрғындарымен кездесіп, Мемлекет басшысы Жолдауының негізгі бағыттарын түсіндірді.

«Жасанды интеллект, цифрлық трансформация және жаңа технологияларды тиімді қолдану - экономикалық өсім мен халықтың өмір сапасын жақсартудың басты тетігі. Ауыл шаруашылығы, білім, медицина және мемлекеттік қызмет көрсету салаларына жаңа инновацияларды енгізудің маңызы зор», - деді Мәлік Отарбаев.

Кездесу барысында аудан әкімі мен жергілікті атқарушы орган өкілдері Үлкен Нарын ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндады.

Бүгінде ауданда ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 7 пайызға артты. 
39 жаңа ауылшаруашылық техникасы сатып алынып, шаруаларға 223 млн теңге мөлшерінде субсидия берілді.
Туризм саласында да оң серпін байқалып, 2025 жылы ауданға келген туристер саны 15 мыңнан асты.