
Бүгінде 75 жастың белесіне көтеріліп отырған белгілі спорт журналисі, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, елорда тұрғыны Оңдасын Елубай ағайды Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановтың атынан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айдар Садырбаев арнайы барып құттықтады.
Кездесу барысында Айдар Садырбаев Оңдасын Елубайға аймақ басшысының жылы лебізін жеткізіп, өңір журналистикасына сіңірген еңбегі мен спорт саласындағы қаламгерлік қызметі үшін алғыс білдірді.
– Сіз қазақ спорт журналистикасының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қосқан тұлғасыз. Еңбектеріңіз жас журналистерге үлгі болып, спорт пен руханияттың байланысын айқын көрсетті. Деніңізге саулық, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тілейміз, – деді Айдар Садырбаев.
Оңдасын Елубай – спорт тақырыбына қалам тербеп, қазақ тілінде жарық көрген ондаған материалдың, сұхбаттар мен очерктердің авторы. Ол көптеген жылдар бойы республикалық және облыстық бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет атқарып, отандық спорттың дамуына, оның ішінде Шығыс өңірінің спортшыларының жетістіктерін насихаттауға зор үлес қосты.
Қаламы қарымды журналистің еңбегі ел игілігіне жарап, жас ұрпаққа үлгі болары сөзсіз.