Меню
Страницы
Құжаттар
Басқарма туралы
Баспасөз орталығы
Байланыс ақпараты
Қызметі
Онлайн қабылдау
Все материалы
Бұқаралық ақпарат құралдары
01 сентября 2026
Білім күні құтты болсын!

Шығыс Қазақстан облысында 2026-2027 оқу жылына дайындық жұмыстары аяқталды. Биыл өңір мектептеріне 9728 бала алғаш рет барады. Сонымен қатар үш жаңа білім беру нысаны ашылады.

Жаңа нысандар Самар ауылында, Марқакөл ауданының Қайнарлы ауылында және Риддер қаласында орналасқан. Қазіргі таңда өңірде апатты және үш ауысымды мектептер жоқ.
Жаңа оқу жылында 47 мыңнан астам оқушы тегін ыстық тамақпен қамтылады.

Бұдан бөлек, шамамен 20 мың балаға мектеп формасы мен аяқ киім алуға әлеуметтік көмек көрсетіледі.

Өңірдегі барлық 347 мектеп интернетке қосылған. Мектептердің IT-сыныптарында оқушылар бағдарламалау, робототехника, 3D-модельдеу және жасанды интеллект бағыттарын меңгеріп жатыр.
Балалардың қауіпсіздігіне де ерекше көңіл бөлінуде. Білім беру ұйымдарында бейнебақылау жүйелері орнатылған. Бірқатар мектепте турникеттер мен дабыл түймелері жұмыс істейді, сондай-ақ арнайы күзет ұйымдастырылған.

Бұдан бөлек, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін кедергісіз орта қалыптастыру жұмыстары жалғасуда. Мектеп ғимараттарының жағдайы мен алдағы жылыту маусымына дайындығы да бақылауда.

Бұқаралық ақпарат құралдары
01 сентября 2026
Өскеменде жаңартылған теміржол вокзалы ашылды

Облыс орталығында Өскемен-1 станциясының теміржол вокзалын реконструкциялау жұмыстары аяқталды. Жаңартылған вокзалдың ашылу салтанатына «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов және «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшылығы қатысты. Өскемен-1 станциясының вокзалы 1938 жылы салынған. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ескі ғимарат толықтай бұзылып, оның орнына заманауи жаңа нысан бой көтерді. Вокзалдың жалпы аумағы екі еседен астам ұлғайып, 743 шаршы метрден 2.500 мың шаршы метрге жетті.

Жаңа вокзал қауіпсіздікке, жолаушылар ағынын ұйымдастыруға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға қойылатын заманауи талаптар ескеріле отырып жобаланған. Инженерлік коммуникациялар жаңартылып, перрон реконструкцияланды, вокзал аумағы абаттандырылды.

«Вокзалдың қауіпсіздігі мен қолжетімділігіне ерекше көңіл бөлінді. Қозғалысы шектеулі жолаушылар үшін лифтілер, эскалатор, көтергіш платформалар және тактильді навигация қарастырылған. Вокзал заманауи бейнебақылау және өрт қауіпсіздігі жүйелерімен жабдықталған», – деді «Самұрық-Қазына» АҚ Басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов.

Вокзал күн сайын 2 мыңнан астам жолаушыға қызмет көрсетеді. Станция арқылы Өскеменді Астана, Алматы, Аягөз, Жезқазған, Қарағанды және Достықпен байланыстыратын 12 жолаушылар пойызы қатынайды. ️Өскемен-1 вокзалын реконструкциялау Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан теміржол вокзалдары мен олардың инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі ауқымды бағдарлама аясында жүргізілді. Биыл ел бойынша 124 вокзалдың 121-ін жаңғырту жоспарланған. Шығыс Қазақстан облысында аталған бағдарлама аясында бес теміржол вокзалын реконструкциялау көзделген. Оның төртеуі - Шемонаиха, Риддер, Алтай қалаларындағы және Күмістау станциясындағы нысандар пайдалануға берілді. Жаңартылған Өскемен-1 вокзалының іске қосылуы өңірдегі осы жұмыс кезеңін толық аяқтайды.

«Жаңа теміржол вокзалы Шығыс Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды рөл атқарады. Ол көлік қолжетімділігін қамтамасыз етіп, облысты еліміздің басқа өңірлерімен байланыстырады. Вокзалды жаңғырту жолаушыларға неғұрлым қолайлы жағдай жасауға, қызмет көрсету сапасын арттыруға және инфрақұрылымды өсіп келе жатқан жолаушылар ағынына бейімдеуге мүмкіндік береді. Бір бағдарлама аясында бес вокзалды жаңғырттық. Бүгін жаңартылған Өскемен-1 вокзалының ашылуымен осы жұмыс кезеңін аяқтап отырмыз. Бұл – облыс орталығындағы негізгі теміржол вокзалы. Мұнда күн сайын мыңдаған жолаушы қатынайды. Сондықтан олардың заманауи әрі жайлы қызмет түрлерін пайдалануы маңызды», – деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов.

Айта кетейік, жоба «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан Қазақстан Республикасы Үкіметінің, «Самұрық-Қазына» АҚ-ның, Көлік министрлігінің және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің қолдауымен жүзеге асырылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары
01 сентября 2026
ШҚО-да «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының жеңімпаздары марапатталды

Күршім ауданында «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауының облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті. Биыл байқауға Шығыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен 163 отбасы қатысып, олардың 13-і өз қалалары мен аудандарының лайықты өкілдері ретінде облыстық кезеңге жолдама алды.

Іс-шара аудандық Мәдениет үйінің концерт залында өтіп, облыс басшылығының өкілдерін, облыстық әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерін, қоғам өкілдерін, сондай-ақ аудандық және қалалық кезеңдердің жеңімпаз отбасыларын бір алаңға тоғыстырды.

Салтанатты рәсім барысында «Мерейлі отбасы» байқауының жай ғана сайыс емес, отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, аға буынға құрмет көрсетуге, дәстүр сабақтастығын сақтауға және бала тәрбиесіне мән беруге бағытталған маңызды алаң екені атап өтілді.

Ондаған жылдар бойы өзара сыйластықты сақтап, бір-біріне қолдау көрсетіп, туған өлкенің дамуына үлес қосып келе жатқан отбасылардың өмір жолына ерекше назар аударылды.

Байқаудың қалалық және аудандық кезеңдерінің жеңімпаздарына арнайы дипломдар мен 200 мың теңгелік ақшалай сертификаттар табысталды. Олардың қатарында Өскемен қаласынан Қайраттар отбасы, Алтай ауданынан Пантелейчуктер отбасы, Зайсан ауданынан Аубакировтар отбасы, Катонқарағай ауданынан Серікқалиевтер отбасы, Тарбағатай ауданынан Слямбековтер отбасы, Шемонаиха ауданынан Синельниковтер отбасы, Ұлан ауданынан Тоқпаевтар отбасы және Марқакөл ауданынан Бұқановтар отбасы бар.

Әр отбасының өзіндік тағдыры мен тарихы бар. Алайда олардың барлығын біріктіретін ортақ құндылықтар – берік отбасылық қарым-қатынас, еңбекқорлық, дәстүрге деген құрмет және балаларға лайықты тәрбие беруге деген ұмтылыс.

Мәселен, Өскемен қаласындағы Қайраттар отбасы ата-аналардың кәсіби жетістіктерін ұлттық тілге, мәдениетке және отбасылық дәстүрлерге деген құрметпен үйлестіріп келеді. Алтай ауданындағы Пантелейчуктер отбасы 27 жылдан бері бірге өмір сүріп, халықаралық зияткерлік сайыстарда жоғары жетістіктерге жеткен екі ұл тәрбиелеп отыр.

Зайсан ауданындағы Аубакировтар отбасын 33 жылдық ғұмыр жолы біріктіреді. Олардың балалары өздерінің кәсіби өмірін білім беру саласымен және жас ұрпақты тәрбиелеумен байланыстырған. Катонқарағай ауданы Ақсу ауылындағы Серікқалиевтер отбасы да еңбегі арқылы балаларға туған жерге және ұлттық мәдениетке деген сүйіспеншілікті дарытып келеді.

Тарбағатай ауданындағы Слямбековтер отбасы дене шынықтыру мен спортты дамытуға елеулі үлес қосты. Шемонаиха ауданындағы Синельниковтер отбасы 43 жылдан бері бірге өмір сүріп келеді. Ал Ұлан ауданындағы Тоқпаевтар отбасы 37 жыл бойы отбасылық дәстүрлерді сақтап, балаларының мәдениет пен өнер саласындағы жетістіктеріне қолдау көрсетіп келеді.

Марқакөл ауданындағы Бұқановтар отбасы бес бала тәрбиелеп отыр және бұған дейін «Парасатты отбасы» облыстық байқауының жеңімпазы атанған.

Салтанатты шараның ерекше сәті байқаудың облыстық кезеңі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі болды.

Үшінші орынды Глубокое ауданындағы Курмашевтер отбасы иеленді. Ерлі-зайыптылардың отасқандарына 33 жыл болған. Олар бес қыз тәрбиелеп өсірген, әрқайсысы білім мен кәсіби қызмет саласында жетістіктерге жетіп жүр. Отбасы дипломмен және 400 мың теңгелік сертификатпен марапатталды.

Екінші орын Үлкен Нарын ауданындағы Камбаровтар отбасына бұйырды. Ерлі-зайыптылар 14 жылдық отбасылық өмірінде төрт бала тәрбиелеп отыр. Олардың отбасы ұлтаралық келісімнің, өзара сыйластық пен қолдаудың жарқын үлгісіне айналған. Жеңімпаздарға диплом және 500 мың теңгелік сертификат табысталды.

Ал облыстық кезеңнің бірінші орнын Күршім ауданындағы Мәденовтер отбасы жеңіп алды.

Ерлі-зайыптылардың отасқандарына 52 жыл болған. Олар бес бала тәрбиелеп, бүгінде он немере сүйіп отыр. Отағасы Шаурахмет Мәденов – педагогикалық еңбек ардагері, Күршім ауданының Құрметті азаматы, белсенді қоғам қайраткері және спортты дамытуға жанашыр азамат. Жұбайы Гүлжанат Қылышбаева – өмірінің елеулі бөлігін жас ұрпақты тәрбиелеуге арнаған педагогикалық еңбек ардагері.

Мәденовтер отбасы қоғамдық өмірге белсенді араласып, қайырымдылық істерімен де айналысады. Олардың өмір жолы еңбекқорлықтың, жауапкершіліктің, адамдарға деген құрметтің және туған жерге деген сүйіспеншіліктің жарқын үлгісі.

«Мерейлі отбасы» байқауы дәстүрлі түрде үздік адамгершілік және мәдени құндылықтарды сақтап келе жатқан отбасыларды ұлықтайтын маңызды алаңға айналып келеді. Жеңімпаз отбасылардың өмір тарихы берік отбасының негізі сенімнен, өзара қолдаудан, сыйластықтан және әрбір отбасы мүшесінің күнделікті еңбегінен құралатынын көрсетеді.

Салтанатты рәсім аясында қонақтарға ұлттық әшекей бұйымдар, моншақтан жасалған қолөнер туындылары және жергілікті киім өндірушілердің өнімдері қойылған көрмелер де ұсынылды.

Шара Күршім ауданының шығармашылық ұжымдары дайындаған мерекелік концерттік бағдарламамен қорытындыланды. Қонақтар алдында «Асылым» балалар хореографиялық ансамблі, жергілікті өнерпаздар және аудандық Мәдениет үйінің шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Бұқаралық ақпарат құралдары
01 сентября 2026
Қаржылық сауаттылық: Өскеменде алаяқтықтан сақтанудың жолдары түсіндірілді

Интернеттегі алаяқтықтың жаңа түрлері көбейген сайын, қаржылық қауіпсіздік мәселесі де күн тәртібінен түспей отыр. Осыған байланысты Өскеменде азаматтардың құқықтық және қаржылық сауатын арттыруға арналған «Құқықтық диалог – қаржылық қауіпсіздіктің негізі» атты кездесу өтті. Шараның мақсаты – күнделікті өмірде кездесетін күмәнді жағдайларды дер кезінде байқап, дұрыс шешім қабылдауға көмектесу.

«Жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Руфит Ахмедзяновтың айтуынша, адамдар интернеттегі ақпаратқа сын көзбен қарап, жеке деректеріне мұқият болуы керек.

– Қаржылық айла мен алаяқтықтың түрі күн сайын көбейіп келеді. Өкінішке қарай, адамдар интернетте жазылғанның бәріне әлі де сене береді. Кейде ойланбастан сілтемеге өтіп, өз деректерін беріп қояды. Оның қандай қауіп төндіретінін өздері де, жақындары да бірден түсіне бермейді. Қауіп өте көп. Адам есірткіге қатысты қылмысқа да, қаржылық немесе басқа қылмысқа да, адам саудасы мен қару-жарақтың заңсыз айналымына да байланысты жауапкершілікке тартылып қалуы мүмкін. Егер алаяқтардың қолына сіздің деректеріңіз түссе, тіпті жай ғана хат алмасқаныңыз үшін де шынайы қылмыстық жауапкершілікке тап болуыңыз мүмкін, – деді ол.
Руфит Ахмедзянов алдын алу жұмысының нәтижесі кездесуге қатысқан адамдардың алған білімін кейін қолдануынан көрінетінін атап өтті.

– Жалпы, алдын алу жұмысының мәні де осында. Осы кездесуге келген адамдардың кем дегенде 15 пайызы алған ақпаратын өмірінде қолданып, интернетті қауіпсіз пайдалана бастаса, бұл – біз үшін үлкен жетістік, – деді қоғамдық қор директоры.
Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті превенция және талдамалық әзірлемелер басқармасы басшысының орынбасары Жандос Мұзтауовтың айтуынша, мұндай кездесулер халықтың қаржылық және құқықтық сауатын көтеруге бағытталған тұрақты жұмыстың бір бөлігі.

– Бүгін біз «Заң және тәртіп» бағыты аясында халықтың қаржылық және құқықтық сауатын арттыруға арналған кезекті шараны өткізіп отырмыз. Бүгінгі кездесуге Өскемен қаласындағы әкімдікке қарасты қызметтердің мамандары қатысып отыр. Негізгі тақырыптарымыз – дроперлік, қаржы пирамидалары және цифрлық қауіпсіздік. Қазіргі технологияларды пайдаланып жасалатын құқықбұзушылықтар көбейіп келеді. Соның ішінде телефон қоңыраулары, SMS және күмәнді хабарламалар арқылы адамдарды алдау әрекеттері бар, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Ал цифрлық ортада қауіпсіз болудың негізгі талаптары қарапайым. Жандос Мұзтауовтың айтуынша, осы әдеттерді күнделікті өмірде қалыптастырудың өзі көптеген қатердің алдын алуға мүмкіндік береді.

– Ең алдымен цифрлық қауіпсіздік ережелерін сақтау керек. Құпиясөз орнату, күмәнді қоңырауларға жауап бермеу, күмәнді сілтемелерге өтпеу және сенімсіз сайттарға кірмеу қажет. Мұндай шаралар тұрақты түрде өткізіледі. Әдетте шағын кездесулер де, ауқымды шаралар да болады. Бүгінгі кездесу – соның ірі форматтағы түрлерінің бірі. Оған 200-ден астам адам қатысып отыр. Ең бастысы – адамдардың қаржылық сауатын арттыру. Бұл оларға өздерін қорғауға және осындай құқық бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді ол.
Күмәнді қоңырауға жауап беру немесе белгісіз сілтемені ашу көпшілікке елеусіз әрекет болып көрінуі мүмкін. Алайда жеке дерек пен қаржыға қатысты қауіптің алдын алу дәл осындай қарапайым сақтықтан басталады. Сондықтан қаржылық сауаттылықты арттырумен қатар, интернеттегі қауіпсіздік ережелерін білу де әр адамның күнделікті дағдысына айналуы маңызды.

Бұқаралық ақпарат құралдары
26 августа 2026
🇰🇿🇧🇾 Шығыс Қазақстан және Могилёв облыстары (Беларусь) өңіраралық ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылады

📍Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде өңір басшысы Нұрымбет Сақтағановтың Могилёв облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченкомен және Беларусь елінен келген делегациямен кездесуі өтті.

Кездесу облыстық басқармалардың басшылары, мәслихат пен облыс әкімдігінің өкілдері қатысқан шағын форматта ұйымдастырылды.

Тараптар сауда-экономикалық, агроөнеркәсіптік және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылады.

«Қазақстан мен Беларусь арасындағы өзара достық әрі сындарлы қарым-қатынас нығайып келеді. Бүгінде бұл ынтымақтастықты өңіраралық деңгейде толықтыру маңызды. Ол үшін кәсіпорындар арасындағы тікелей байланысты нығайтып, өзара іс-қимылдың жаңа бағыттарын айқындау және бірлескен жобаларды жүзеге асыру қажет», – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық перспективалы бағыттардың бірі болып қала береді. Өткен жылы ШҚО-ның Беларусьпен тауар айналымы 9,2 млн долларды құрады. Биыл қаңтар-мамыр айларында бұл көрсеткіш 4,13 млн долларға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5%-ға өсті. Бұл ретте экспорт 65%-ға артып, 1,31 млн долларға жетті.
✔️Қазақстан Могилёв облысының негізгі бес сауда серіктесінің қатарына кіреді

🔹Өз кезегінде Могилёв облыстық атқару комитетінің төрағасы Анатолий Исаченко ауыл шаруашылығына арналған машина жасау және заманауи техника өндірісін перспективалы бағыттар ретінде қарастырып отырғандарын атап өтті.

«Ауыл шаруашылығы, ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу, тамақ өнеркәсібі және балық шаруашылығы – нақты жобаларды айқындауға болатын бағыттар. Сондай-ақ шығысқазақстандықтар үшін беларусьтік лифтілер құрылысы бойынша біздің мүмкіндіктер мен ресурстарды қарастыруды ұсынамыз», – деді ол.

Екі өңірдің кәсіпорындары арасында тәжірибе алмасу және тікелей байланыс орнатуға ерекше қызығушылық танытылды. Осыған байланысты екіжақты келіссөздерді жандандыру, бизнес-миссиялар ұйымдастыру және іскерлік делегациялардың өзара сапарларын өткізу туралы ұсыныс айтылды.

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері де жеке қаралды. Шығыс Қазақстан облысында беларусь ұлтының 1 700-ге жуық өкілі тұрады. Бұл мәдени және қоғамдық байланыстарды дамытуға қосымша негіз қалыптастырады.
🔹Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында тікелей өңіраралық өзара іс-қимылды одан әрі нығайтуға дайын екендерін атап өтті. Атап айтқанда, Могилёв облысының туристік саласы операторларына Шығыс Қазақстанның тарихи-мәдени мұрасымен танысуға мүмкіндік беретін ақпараттық турлар ұйымдастыру ұсынылды.

Бұқаралық ақпарат құралдары
26 августа 2026
Президент тапсырмаларын жүзеге асыру: Қазақстан өңірлерінде жаңа өндірістер, инфрақұрылымдық және әлеуметтік нысандар ашылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмаларын жүзеге асыру аясында еліміздің өңірлерінде ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеуді тереңдету, көлік және коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту, азаматтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Өткен аптада келесідей өндірістер, көлік және әлеуметтік инфрақұрылым нысандары іске қосылды:

Қызылордада халықтың әлеуметтік осал санаттарының ішінде кезекте тұрғандарға 90 пәтердің кілті табысталды. 4 жыл ішінде өңірде 30 мыңнан астам кезекте тұрғандар тұрғын үймен қамтамасыз етілді, 2026-2027 жылдары 25 мың адамға 62 мыңнан астам пәтер тапсыру жоспарлануда.

Ақмола облысының Аршалы кентінде мұқтаждар санатындағы 47 отбасы жаңа 100 пәтерлі үйден пәтер алды.

Ақтөбе облысының Жабасақ ауылына көгілдір отын келді. 43 шақырымдық негізгі құбыр және 12,6 шақырымдық кентішілік газ құбыры тартылып, бес жүзден астам тұрғын газға қол жеткізді.

Көлік инфрақұрылымы 

Арқалықта 30 жылдан кейін қала әуежайы кең ауқымды реконструкциядан өткізілгеннен кейін тұрақты әуе қатынасы қайта жанданды. Аптасына 2 рет Астана – Арқалық; Алматы – Арқалық; Қостанай – Арқалық бағыттары бойынша рейстер іске қосылды.

Павлодар әуежайында ұшу-қону жолағын реконструкциялау аяқталды. Заманауи әуе кемелерін қабылдау үшін ұшу-қоны жолағы 45 метрден 60 метрге дейін кеңейтілді. Субсидияланатын Астана-Павлодар бағыты іске қосылды. 1 қыркүйекте күнделікті Павлодар-Алматы және Павлодар-Новосібір рейстері қайта қатынай бастайды.

Теміржол вокзалдарын жаңғыртудың жалпы республикалық бағдарламасы аясында тағы екі ірі нысанда жұмыстар аяқталды. Бүгінгі таңда Қазақстанда 74 вокзал салынды және реконструкцияланды:

Ақтөбеде жалпы ауданы 7 мың шаршы метрден астам теміржол вокзалы жаңартылып, қайта ашылды. Кешен тәулігіне 6 мыңға жуық жолаушыға қызмет көрсете алады. Ғимаратта қасбет, шатыр, күту залдары, желдету және ауаны баптау жүйелері жаңартылды, платформа жаңа қалқа шатырлармен жабылып, қауіпсіздік жүйелері іске қосылды және мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін жағдай жасалды.

Қостанай облысында Тобыл стансасының теміржол вокзалының ғимаратына жүргізілген реконструкция жұмыстары аяқталды. Станса тәулігіне 2 жолаушы платформасына және 13 жұп пойызға қызмет көрсетеді, орташа тәуліктік жолаушылар ағыны – шамамен 235 адам.

Ақтөбе облысының Ойыл ауданында 2024 жылғы су тасқыны кезінде қираған Ойыл ауылына баратын автожол бойындағы 280 метрлік көпір пайдалануға берілді. Нысан «Батыс Қазақстан – Оңтүстік Қазақстан» транзиттік дәлізіне кіреді.

Тамақ өнеркәсібі 

Қостанай облысында «Баян Сұлу» фабрикасының «Кондитерлік астана» атты кешені іске қосылды. Қуаты жылына 16,6 мың тонна өнім өндіруге жететін жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу үлесін 70%-ға дейін жеткізу жөніндегі тапсырмасы шеңберінде жүзеге асырылды. Осылайша кәсіпорынның жалпы қуаты жылына 85 мыңнан 101 мың тоннаға дейін артып отыр.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары
21 августа 2026
Глубокое кентінде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы өтті

Глубокое кентінде қоршаған ортаны қорғауға, елді мекен аумағының тазалығы мен көркейтуіне бағытталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы өтті.
Игі бастамаға ұйым қызметкерлері, «Жасыл Ел» еңбек жасағының мүшелері және аудан волонтерлері белсенді қатысты. Акция барысында қатысушылар кент аумағын қоқыстан тазартып, абаттандыру және санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізді.
Шараның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау ғана емес, тұрғындар арасында экологиялық жауапкершілікті арттырып, туған жерге деген жанашырлық сезімін қалыптастыру. Әсіресе жастардың, волонтерлердің және еңбек ұжымдарының мұндай бастамаларға белсенді қатысуы қоғамдық жауапкершіліктің артып келе жатқанын көрсетеді.
«Таза Қазақстан» акциясы аясындағы жұмыстар елді мекендерді таза әрі жайлы ұстауға, табиғатқа ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Тазалықты сақтау – баршаға ортақ міндет. Сондықтан мұндай игі бастамалардың тұрақты түрде өткізілуі Глубокое кентінің көркеюіне және тұрғындарға қолайлы, таза ортаның қалыптасуына өз үлесін қосады.

Бұқаралық ақпарат құралдары
21 августа 2026
«Бірқабатты Шығыс»: Ұлан ауданында жаңа баспаналардың кілті табысталды

Шығыс Қазақстан облысы Ұлан ауданының Алмасай ауылында бүгін бірнеше отбасына көптен күткен қуанышты сәт туды. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында бой көтерген үйлердің кілттері талай жыл баспана аңсаған көпбалалы аналарға берілді. Ауыл тұрғындарын баспанамен қамтуға бағытталған жүйелі жұмыстар нәтижесінде қоныс иелерінде жаңа өмір басталды.

 

Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов жаңа пәтерлердің кілттерін тұрғындарға салтанатты шарада табыстады. Жиынға ауыл тұрғындары, қоныс иелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

 

Жаңа баспана – кез келген отбасы үшін ерекше қуаныш. Әсіресе, бала-шаға қамын ойлап, жылдар бойы өз үйін күтумен жүрген жандар үшін бұл күннің орны бөлек.

 

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту және халықты баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024-2026 жылдар аралығында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында оффтейк-келісімшарттар бойынша 1 кент пен 10 ауылда 210 пәтер салынды. Атап айтқанда, 2024 жылы Герасимовка ауылында 88 пәтер салынып, оның 34-і көпбалалы отбасыларға, 54-і әлеуметтік осал топтарға берілді. 2025 жылы 24 көпбалалы отбасы және 36 әлеуметтік осал топ өкілі баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл жалпы көлемі 4 850 шаршы метр болатын 62 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 ауылда әлеуметтік осал топтарға арналған 28 пәтер және 10 ауылда көпбалалы отбасыларға арналған 34 пәтер қарастырылған, – деді аудан басшысы.

Бүгінде Ұлан ауданында тұрғын үй кезегінде 779 азамат тұр. Оның ішінде 167-сі – көпбалалы отбасы, 71-і – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 368-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Демек, ауыл тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыс әлі де маңызды.

 

Төрт ұл тәрбиелеп отырған көпбалалы ана Гүлнұр Әкімбаева фабрикада еңбек етеді. Айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұрғанына екі жыл болған.

 

– Бүгін бір шаңыраққа ие болдым. Көпбалалы ана ретінде осындай үй беріп отырған облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын. Жайлы, жақсы жерде орналасқан үйіміздің кілтін салтанатты түрде алдық. Екі жыл кезекте тұрдым. Осы уақыт ішінде үй ала қоямыз деп сенбеп едім, – дейді Гүлнұр Әкімбаева.

Ал жаңа үйлердің құрылысын жүргізген мердігер ұйымның өкілі Тілек Қоңыровтың айтуынша, Алмасай ауылында он пәтерлі бес үй бой көтерген. Әр пәтердің аумағы 70-тен 85 шаршы метрге дейін. Үйлер дәстүрлі үш құдықты пештермен жабдықталған.

 

– Құрылыс жұмыстарын былтыр маусым айында бастаған едік. Бір жылға жуық уақыт ішінде үйлерді аяқтап, бүгінде кілттерін құтты иелеріне табыстап отырмыз, – дейді ол.

Жаңа қонысқа жайғасқан тағы бір көпбалалы ана Нұрзипа Сағынбаева үшін де бұл күннің орны бөлек. «Күміс алқа» иегері жеті бала тәрбиелеген. Бір баласы мен немерелері қазір қолында. 64 жылдық еңбек өтілі бар ана Семей ядролық полигонының зардабын тартқан азаматша ретінде де мемлекет қамқорлығын сезініп отырғанын айтады.

 

– Қуанышты күнде баспаналы болып жатырмыз. Аудан басшылығы құрмет көрсетіп, салтанатты рәсімде үйдің кілтін табыстап, мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Үйдің жарығы мен суы тартылған, көңілімнен шығып жатыр, – дейді Нұрзипа Сағынбаева.

Қуанышты іс-шара Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында өтіп отыр. Ауылдағы қарапайым отбасылардың қоныс тойы мемлекеттің басты құндылығы адам және оның әл-ауқаты екенін еске салады.

 

Алмасайдағы жаңа үйлердің есігі ашылып, жаңа қоныс иелері алғашқы қадамдарын жасады. Оларға баспана кілтімен бірге тұрмысқа қажетті техникалар мен сый-сыяпаттар тарту етілді.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары
20 августа 2026
ШҚО-да жаңа ерікті өрт сөндіру бекеті ашылды

Шығыс Қазақстан облысы Зайсан ауданында ерікті өрт сөндіру бекеті жұмысын бастады

Зайсан ауданының Біржан ауылында «Ауыл құтқарушылары» ерікті өрт сөндіру бекеті өз жұмысын бастады. Жаңа бекет үш елді мекеннің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Бұл ауылдарда жалпы саны 2 мыңнан астам тұрғын тұрады.

Өрт сөндіру бекеті қажетті мамандармен толық жасақталған. Еріктілер арнайы дайындықтан өтіп, тәулік бойы кезекшілік атқаруға дайын.

Жедел әрекет ету үшін бөлімшеге Төтенше жағдайлар министрлігі тарапынан өрт сөндіру техникасы, қажетті құрал-жабдықтар, арнайы киімдер және байланыс құралдары берілді.

Ерікті өрт сөндірушілердің негізгі міндеті – төтенше жағдай орын алған жерге жедел жетіп, өртті бастапқы кезеңде ауыздықтау және мемлекеттік өртке қарсы қызмет бөлімшелері келгенге дейін тұрғындарға қажетті көмек көрсету.

Бекеттің ашылу рәсіміне ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті бастығының бірінші орынбасары Фархат Амре, облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Баяхметов және ауыл тұрғындары қатысты.

 

Бұқаралық ақпарат құралдары
20 августа 2026
Қасым Қайсенов кентіндегі су құбырын қайта жаңарту: екі резервуардың құрылысы аяқталды

ШҚО-ның Ұлан ауданындағы Қасым Қайсенов кентінде су құбыры желілерін қайта жаңарту бойынша ауқымды жұмыстар жалғасуда. 2024 жылдың қараша айында басталған жоба жергілікті тұрғындарды сапалы әрі үздіксіз ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін толық шешуге бағытталған.

Жобаның негізгі кезеңдерінің бірі – «Өскемен Водоканал» МКК-ның Ново-Өскемен су алу құрылғысынан магистральдық су құбырын тарту. Бүгінде мамандар шамамен 13 шақырым магистральдық және 7 шақырымға жуық кентішілік желілерді төседі.

Сонымен қатар жаңа су алу құрылыстары салынуда. Құрылысшылар жалпы сыйымдылығы 1 900 текше метр болатын екі таза су резервуарының монтаждау жұмыстарын толық аяқтады. Қазіргі уақытта екінші көтерімдегі сорғы станциясының құрылысы жүргізілуде.

Нысанда 30 маман және 12 арнайы техника жұмылдырылған. Жұмыстардың сапасына ғана емес, траншеяларды қазу кезінде бүлінген аумақтарды кейіннен абаттандыруға да ерекше көңіл бөлінуде.

Жаңартылған сумен жабдықтау жүйесін пайдалануға беру биылғы қыркүйек айына жоспарланған.

 

 
 
Социальные сети
Меню подвал
Экран дикторы
Құпиялылық саясаты
Терминдер мен қысқартулар
Ашық деректердің интернет-порталында ақпаратты орналастыру қағидалары
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Өмірлік жағдайлар
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
ҚР Мемлекеттік рәміздері