
Мемлекеттік қызметшілер күніне орай Самар ауданында мемлекеттік қызмет саласының өкілдері мен ардагерлеріне арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шарада аудан әкімі мемлекеттік қызметшілерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосып отырған үлесін ерекше атап өтті. Өз сөзінде аудан басшысы мемлекеттік қызмет – халық пен билік арасындағы сенімді байланысты қалыптастыратын, жауапкершілігі жоғары әрі маңызды сала екенін айтты.
– Мемлекеттік қызметші болу – үлкен жауапкершілік. Сіздер күн сайын тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруға және қоғамның тұрақты дамуына үлес қосып келесіздер. Халықтың сеніміне ие болу – әрбір мемлекеттік қызметшінің басты міндеті. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен құттықтай отырып, жұмыстарыңызға табыс, отбасыларыңызға амандық пен бақ-береке тілеймін, – деді аудан әкімі.
Салтанатты жиында мемлекеттік қызмет саласында ұзақ жылдар бойы жемісті еңбек етіп, кәсіби біліктілігімен және адал қызметімен ерекшеленген бірқатар қызметкерлер мен ардагерлер аудан әкімінің Алғыс хаттарымен және марапаттарымен наградталды.
Мерекелік шараның маңызды сәттерінің бірі – жас мемлекеттік қызметшілердің салтанатты түрде ант қабылдау рәсімі болды. Мемлекеттік қызмет қатарына жаңадан қосылған жас мамандар Қазақстан Республикасының заңдары мен Конституциясын құрметтеуге, халыққа адал қызмет етуге, өз міндеттерін абыроймен орындауға ант берді.
Ант қабылдау рәсімі жас мамандар үшін үлкен жауапкершіліктің бастауы әрі мемлекеттік қызметтің жоғары талаптарын сезінудің маңызды кезеңі болды. Аға буын өкілдері жас мемлекеттік қызметшілерге ақ жол тілеп, ел игілігі жолында адал еңбек етуге шақырды.
Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған бұл салтанатты жиын мемлекеттік қызметтің қоғамдағы маңызын тағы бір мәрте айқындап, қызметкерлердің кәсіби мерекесін лайықты деңгейде атап өтуге мүмкіндік берді.