Самар ауданының медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерімен құттықталды

Самар ауданының медицина қызметкерлері кәсіби мерекелерімен құттықталды

Самар аудандық мәдениет үйінде Медицина қызметкері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиында денсаулық сақтау саласының ардагерлері мен қызметкерлеріне құрмет көрсетіліп, олардың қоғамдағы маңызды рөлі ерекше атап өтілді.
Салтанатты шара барысында медицина саласының үздік өкілдері көп жылғы адал еңбегі, жоғары кәсібилігі және ауданның денсаулық сақтау жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін медальдармен, Құрмет грамоталарымен және Алғыс хаттармен марапатталды.
Бүгінде Самар ауданында халыққа медициналық көмекті аудандық аурухана көрсетеді. Медициналық ұйым құрамында 38 төсек-орынға арналған тәулік бойғы стационар, 14 төсек-орындық күндізгі стационар, 6 фельдшерлік-акушерлік пункт және 14 медициналық пункт жұмыс істейді. Ауруханаға барлығы 10 575 тұрғын тіркелген.
2026 жылдың алғашқы бес айында ауданда 36 сәби дүниеге келді. Ана өлімі тіркелген жоқ. Нәресте өлімінің бір жағдайы тіркелді. Жедел медициналық жәрдем қызметі төрт мамандандырылған автокөлікпен қамтамасыз етілген. Барлық қызметкерлер халықаралық триаж жүйесі бойынша оқытудан өткен. Соның нәтижесінде жеделдіктің төртінші санаты бойынша шақыртулар саны айтарлықтай төмендеген.
Ауданда тұрғындардың денсаулығын сақтау және аурулардың алдын алу бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізілуде. Қан айналымы жүйесі аурулары, глаукома, қант диабеті, сүт безі обыры, жатыр мойны обыры және колоректальды қатерлі ісік бойынша скринингтік тексерулер жалғасуда. Сонымен қатар балаларды профилактикалық тексерумен қамту көрсеткіші де жоғары деңгейде сақталуда.
Барлық 20 елді мекен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілген. Самар ауылында төрт дәріхана жұмыс істейді, ал қалған елді мекендер дәріхана пункттері арқылы қажетті дәрілік заттармен қамтылған. Әлеуметтік маңызы бар аурулары бар пациенттер тегін дәрілік препараттарды толық көлемде алады.
Ауданның денсаулық сақтау саласында 27 дәрігер мен 95 орта буын медицина қызметкері еңбек етеді. Олардың басым бөлігі біліктілік санаттарына ие. Медициналық қызмет сапасын арттыру мақсатында мамандардың кәсіби біліктілігін жетілдіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде.
Дәрігерлер, мейіргерлер, фельдшерлер және денсаулық сақтау саласының өзге де қызметкерлері күн сайын халықтың денсаулығы мен өмірін қорғау жолында аянбай еңбек етуде. Олардың жанқиярлығы, жауапкершілігі мен мамандыққа деген адалдығы зор құрметке лайық.
Мереке барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары медицина қызметкерлеріне арнап концерттік бағдарлама ұсынып, әсем әндер мен шығармашылық нөмірлер арқылы көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Мерекелік іс-шара халық денсаулығын сақтауға өмірін арнаған ақ халатты абзал жандарға көрсетілген құрмет пен алғыстың жарқын көрінісі болды.