ШҚО: Open Air Sarybel туристік маусымының ашылуына 5 мыңнан астам адам қатысты

ШҚО: Open Air Sarybel туристік маусымының ашылуына 5 мыңнан астам адам қатысты


Шығыс Қазақстан облысында туристік маусымның жарқын ашылуы өтті. Самар ауданындағы Бұқтырма су қоймасының жағалауында ұйымдастырылған Open Air Sarybel фестиваліне еліміздің түкпір-түкпірінен келген 5 мыңнан астам қонақ жиналды.
Бұқтырма су қоймасының жылы суы мен Самар жағалауының алтын құмына, мерекелік атмосфераға бөлену үшін Астана, Алматы, Павлодар, Өскемен қалаларынан және еліміздің басқа да өңірлерінен туристер келді.
Фестиваль бағдарламасы мазмұнды әрі алуан түрлі болды. Балалар үшін түрлі-түсті Холи бояулары шоуы мен көбік кеші ұйымдастырылды. Кешкісін сахнада қазақстандық рэп және хип-хоп өнерінің танымал өкілі Say Mo өнер көрсетіп, мыңдаған көрерменнің ықыласына бөленді.
Демалушылардың саудасы мен тамақтануын ұйымдастыруға ерекше көңіл бөлінді. Фестивальге Самар ауданы, Өскемен қаласы, Күршім, Катонқарағай және Абай облысы Көкпекті аудандарынан 33 кәсіпкер қатысты. Қонақтарға ұлттық тағамдардан бастап заманауи көше тағамдарына дейінгі кең ассортимент ұсынылды. Әсіресе кәуап, палау, түрлі нан-тоқаш өнімдері, салқын сусындар, балмұздақ, тәтті мақта, қымыз, жаңа піскен көкөністер мен жемістер үлкен сұранысқа ие болды. Жалпы келушілерге 40-тан астам түрлі тауар мен азық-түлік түрі ұсынылды.
Open Air Sarybel фестиваліне қатысқан кәсіпкерлер іс-шараның жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын және сауда жүргізуге жасалған қолайлы жағдайларды ерекше атап өтті. Олардың айтуынша, ұйымдастырушылар тарапынан ыңғайлы сауда алаңдары әзірленіп, келушілердің көптеп келуі мен жұмыс істеуге қолайлы орта қамтамасыз етілген. Бұл өз кезегінде өнім өткізу көлемінің артуына оң әсерін тигізген. Кәсіпкерлердің көпшілігі фестивальге келесі жылы да қатысуға ниетті екендерін білдірді.
Мереке Бұқтырма жағалауының аспанын жарқырата безендірген әсерлі отшашумен аяқталды.
Іс-шара барысында қатысушылардың қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінің қызметкерлері және СОБР арнайы жасағының сарбаздары қамтамасыз етті.
«Концерт өте ұнады. Осындай керемет шоу ұйымдастырған Самар ауданына алғысымды білдіремін. Бұл мен қатысқан жазғы маусымның ең үздік ашылуы болды», – деді Павлодар қаласынан келген қонақ Сергей Сапко.
Самар ауданы Туризм және инвестициялар орталығының басшысы Ермек Асқаровтың айтуынша, мұндай форматтағы шара ауданда алғаш рет өткізілгенімен, енді жыл сайын ұйымдастырылатын дәстүрлі фестивальге айналады.
«Тұрғындар мен өңір қонақтарының қызығушылығы өте жоғары екенін көріп отырмыз. Сондықтан Open Air Sarybel жақсы дәстүрге айналады. Маусымның жабылу салтанаты да кем түспейтін ауқымды шара болады, алайда әзірге оның барлық ерекшеліктерін құпия сақтаймыз», – деді ол.
Open Air Sarybel фестивалі Шығыс Қазақстан облысындағы жаз маусымының ең ауқымды іс-шараларының біріне айналып, Бұқтырма су қоймасы жағалауы мен Самар ауданының жоғары туристік әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеді.
Туризм саласын дамыту өңірдің басым бағыттарының бірі болып қала береді. ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағановтың тапсырмасымен туристік аймақтардың көлік қолжетімділігін арттыру және инфрақұрылымын жақсарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Биыл Самар ауданындағы Миролюбовка – Сарыбел автожолының жөндеу жұмыстары аяқталуда. Сонымен қатар туристік бағыттар санитарлық тораптармен жабдықталуда. Өткен жылы Миролюбовка ауылында медициналық пункт салынса, биыл демалушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында төтенше жағдайлар қызметі жаңа катерлермен және заманауи техникамен толықтырылды. Цифрлық инфрақұрылымды дамытуға да ерекше назар аударылуда: Сарыбел және Новостройка ауылдарында мобильді байланыс пен интернет сапасын жақсарту үшін антенна-мачталық құрылыстар орнатылды.