
9 мамыр күні салтанатты шара Самар ауылындағы Жеңіс саябағында орналасқан мемориалға гүл шоқтары мен гүл қою рәсімімен басталды. Аудан тұрғындары, ұйым өкілдері, ардагерлер мен жастар Отан қорғауда қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Мереке қарсаңында аудан тұрғындарын аудан әкімі Серік Жеңісов құттықтады. Ол ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін ұмытпай, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, аудан халқына зор денсаулық, бейбіт өмір, амандық пен бірлік тіледі.
— Жеңіс күні — батылдықтың, қайсарлықтың және Отанға деген шексіз сүйіспеншіліктің символы. Болашақ ұрпақ үшін бейбіт өмір мен еркіндікті өз өмірінің құнымен қорғаған батырлардың ерлігін есте сақтау — біздің парызымыз. Біз ардагерлер мен тыл еңбеккерлерінің ерлігін әрдайым жадымызда сақтаймыз, — деді Серік Жеңісов.
Мерекелік шара барысында тыл ардагері Мәулетқан Өмiров та сөз сөйлеп, барша тұрғындарды Жеңіс күнімен құттықтады. Ол бала кезінде әкесін майданға аттанар сәтте соңғы рет көргенін айтып, әкесінің жерленген жерін тек өткен жылы Псков аумағындағы бауырластар зиратынан тапқанын жеткізді.
Мәулетқан Әбілмәжинұлы соғыс жылдары тылда еңбек еткен. Бүгінде 93 жасқа қарағанына қарамастан, әлі де белсенді өмір салтын ұстанып, көлікті өзі жүргізіп, аудан өміріне белсене араласып келеді.
Қоғам атынан Қоғамдық кеңес мүшесі Александр Федосов сөз сөйлеп, болашақ ұрпақ үшін бейбітшілік пен еркіндікті қорғаған батырлардың ерлігіне құрмет көрсетіп, тарихи жадыны сақтаудың маңыздылығына тоқталды.
Мерекелік шара Самар мәдениет үйі өнерпаздары мен балалар өнер мектебі оқушыларының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.
Сондай-ақ осы күні аудан әкімі Серік Жеңісов, аудандық мәслихат төрағасы Гүлнар Шаймарданова және аудан прокуроры Әділет Қуандықов тыл еңбеккерлерінің үйлеріне барып, оларды мерекемен құттықтап, сыйлықтар табыс етті.
Кешке Жеңіс саябағында қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған «Өз шамыңды жақ» акциясы өтті. Іс-шараға ондаған жастар мен аудан тұрғындары қатысты. Қатысушылар майданнан оралмаған батырларға құрмет белгісі ретінде шам жағып, бейбіт өмір сыйлаған ерлерге алғыстарын білдірді.