
26 сәуір күні Чернобыль атом электр станциясындағы апатқа 40 жыл толады. Осы айтулы дата қарсаңында Самар ауданында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер мен қаза тапқандарды еске алуға арналған салтанатты іс-шара өтті.
ЧАЭС ескерткіш белгісі орналасқан ардагерлер саябағында гүл қою рәсімі ұйымдастырылды. Іс-шараға Самар ауданының басшылығы, Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысқан ардагерлер, ақсақалдар, оқушылар, сондай-ақ өмірден өткен ардагер-ликвидаторлардың жақын туыстары қатысты.
Іс-шара апат кезінде қаза тапқандар мен кейінгі жылдары өмірден өткен апатының салдарын жоюға қатысушыларды еске алуға арналған бір минут үнсіздікпен басталды.
Бүгінде Самар ауданында Чернобыль апатының салдарын жоюға қатысып, ерлік көрсеткен 8 ардагер өмір сүруде. Олардың әрқайсысы қоғамның ерекше құрметі мен алғысына лайық азаматтар.
- Сіздер тек кәсіби міндетті атқарған жоқсыздар — бұл өмірді құтқаруға, болашақ ұрпақты қорғауға бағытталған миссия болды. Соның арқасында одан да ауыр зардаптардың алдын алуға мүмкіндік туды. Сіздердің ерліктеріңіз адамзатқа адал қызмет етудің жоғары үлгісі ретінде тарихта мәңгі сақталады, - деді аудан әкімінің орынбасары Жаслан Майкенев.
Сонымен қатар ол ардагерлерге мерейтойлық медальдарды табыстап, оларға зор денсаулық, бақыт, амандық және ұзақ ғұмыр тіледі.