
Самар ауданы гүлденген өңірге айналуы тиіс
Мұндай тапсырманы аудан әкімі Серік Жеңісов ауылдық округ әкімдері мен тиісті бөлім басшыларына берді. Аудан әкімдігінде өткен кезекті отырыста елді мекендерді абаттандыру мәселелері талқыланды.
«Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында санитарлық тазарту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп, өз нәтижесін беріп отыр. Ауданда көшелер мен елді мекендер аумағынан 21 тоннадан астам қоқыс жиналып, шығарылды. Өзендер мен бұлақтардың жағалаулары тазартылып, ағаш көшеттері отырғызылды, аудандық және облыстық маңызы бар жол учаскелері ретке келтірілді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мәліметінше, жазғы маусымда жолдарды, тротуарлар мен көпірлерді жуу жұмыстары бойынша жоба іске қосылған. Бұл мақсатта мердігер ұйыммен келісімшарт жасалған.
— Ауылдардың тазалығы – тұрғындардың мәдениеті мен жауапкершілігінің маңызды көрсеткіші. Бұл іске тек мемлекеттік мекемелер мен ұйымдар ғана емес, аудан тұрғындарының да белсене қатысып, сенбіліктерге шығып, өз аулаларын абаттандыруы қуантады, — деді аудан әкімі.
Биыл негізгі көшелер мен Самар ауылы және басқа да елді мекендердің саябақтарында гүлзарлар мен клумбалар жасау жоспарланып отыр. Кәсіпкерлерге де өз нысандарының маңын көгалдандырып, көріктендіруге үлес қосу ұсынылды.
Сонымен қатар жиында «Ауыл аманаты» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру және ауылдық клубтар мен кітапханалардың жұмысы талқыланды.
Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, қатаң бақылауда болады.