Тұрғындардың нақты мәселелері - назарда: Самар ауданында азаматтарды қабылдау өтті

Тұрғындардың нақты мәселелері - назарда: Самар ауданында азаматтарды қабылдау өтті

Самар ауданында жеке мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау өтті. Тұрғындар өмір сапасына тікелей әсер ететін әрі жүйелі тәсілді талап ететін өзекті сұрақтармен жүгінді.

Қабылдау барысында тұрғын үймен қамтамасыз ету, Лайлы өзенінің арнасын нығайту және жұмыспен қамту мәселелері көтерілді. Тұрғын үй бағыты бойынша азаматтарға «Отбасы банк» арқылы тұрғын үйді бөлу тәртібі түсіндірілді. Ағымдағы жылы Самар ауылында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үйлердің құрылысы жалғасын табады, сондай-ақ жаңа үш қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы басталуы жоспарланып отыр.

Лайлы өзенінің жағалауын нығайту мәселесіне ерекше назар аударылды. Су тасқыны кезеңіне дайындық аясында аудан басшысы округ әкіміне және тиісті қызметтерге қажетті жұмыстарды жүргізуді, ықтимал тәуекелдерді бағалауды және алдын алу шараларын қабылдауды тапсырды.

«Біз үшін тұрғындардың өтініштерін тыңдау ғана емес, әрбір мәселені нақты шешімге дейін жеткізу маңызды. Ешбір өтініш назардан тыс қалмауы тиіс», — деді аудан әкімі.

Азаматтардың барлық өтініштері бақылауға алынды. Әрбір мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында нақты жауаптар беріліп, тиісті шешімдер қабылданатын болады.

Самар ауданы әкімінің баспасөз қызметі